Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:30

АҚШ пен Армения бейбіт атом саласындағы ынтымақтастықты бастады

Вэнс пен Пашинян
Фото: Арменпресс

Джей Ди Вэнс пен Никол Пашинян Ереванда АҚШ пен Армения арасында бейбіт атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 

Құжат Арменияның энергетикалық ресурстарын әртараптандыруға бағытталғанын елдің премьер-министрі мәлімдеді.

АҚШ пен Армения арасында ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі ынтымақтастық туралы мәлімдемеге 9 ақпан, дүйсенбі күні Ереванда АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян қол қойды. Келісім Вэнстің Арменияға жасаған екі күндік ресми сапары аясында бекітілді.

Пашинянның айтуынша, бұл келісім «қауіпсіз әрі инновациялық технологияларды енгізу арқылы Арменияның энергетикалық ресурстарын әртараптандыруға ықпал етеді».

Джей Ди Вэнс 9 ақпанда Арменияға ресми сапармен келді. Армян БАҚ-тарының хабарлауынша, сапар барысында оған жұбайы мен балалары еріп жүр. АҚШ делегациясының құрамында сондай-ақ АҚШ Мемлекеттік департаментінің экономикалық өсім, энергетика және қоршаған орта мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшысының орынбасары Джейкоб Хелберг те бар.

Армениялық ақпарат құралдарының мәліметінше, ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылар алдында АҚШ вице-президенті мен Армения премьер-министрі әуелі жеке, кейін кеңейтілген құрамда кездесу өткізген.

Арменпресс агенттігінің жазуынша, Никол Пашинян Джей Ди Вэнстің Арменияға осы уақытқа дейін келген ең жоғары лауазымды америкалық шенеунік екенін атап өткен.

— Меніңше, бұл тек протоколдық мәні бар жайт қана емес, сонымен қатар соңғы жылдары, әсіресе өткен бір жыл ішінде Армения мен АҚШ арасындағы қарым-қатынаста болған өзгерістердің көрінісі, — деген Пашинян.

Сондай-ақ ол 2025 жылдың тамызында Армения мен Әзербайжан арасында бейбітшілік орнатуға бағытталған саммитті ұйымдастырғаны үшін АҚШ президенті Дональд Трампқа және Джей Ди Вэнстің өзіне алғыс білдірді. Пашинянның айтуынша, ол «АҚШ президенті Дональд Трамп 2026 жылы Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығына әділ түрде лайық деп танылатынына шын жүректен үміттенеді». Бұл туралы News.am басылымы хабарлады.