АҚШ пен Еуропа Иранға ядролық келісімге келу үшін соңғы уақытты атады

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Франция, Германия және Ұлыбританияның сыртқы істер министрлері Иранмен ядролық келісімге келу бойынша тамыз айының соңына дейін нақты дедлайн белгілеуге келісті.
АҚШ пен Еуроодақ елдері егер Тегеран осы уақытқа дейін келісімге келмесе, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің snapback деп аталатын механизмін іске қосып, Иранға қарсы бұрынғы санкцияларды қалпына келтірмек. Бұл шара қазан айына дейін қабылдануы тиіс, себебі қазаннан бастап Қауіпсіздік кеңесіне Ресей төрағалық етеді. Еуропалық дипломаттар санкцияларды соған дейін іске қосуды жоспарлап отыр.
Snapback механизмі іске қосылған жағдайда, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 30 күн ішінде Иранға санкцияны жалғастыру немесе тоқтату туралы шешім қабылдайды. Бұл үшін тоғыз елдің қолдауы қажет және тұрақты мүшелер – АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания немесе Франция – вето қоймауы тиіс. Егер шешім қабылданбаса, санкциялар автоматты түрде қалпына келеді.
Еуропа елдері Иранды келісімге көндірмек
Axios деректеріне қарағанда, алдағы апталарда еуропалық елдер Тегеранмен келіссөздер жүргізіп, санкциялардың қайта енгізілмеуі үшін бірқатар нақты қадамдарға баруды ұсынбақ. Олардың қатарында:
-
Иран мен Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) арасындағы ынтымақтастықты қайта жандандыру,
-
60 пайызға дейін байытылған 400 кг уранды ел аумағынан шығару ұсынысы бар.
Германия сыртқы істер министрлігі Reuters агенттігіне Иранмен тексерілуі мүмкін, тұрақты дипломатиялық шешімге қол жеткізу маңызды екенін айтты.
«Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмауы керек», – деді неміс дипломаты.
Өз кезегінде Иран билігі егер санкциялар қалпына келтірілсе, «тиісті» жауап беретінін ескертіп отыр.