АҚШ пен Иран 17 ақпанда Женевада жаңа келіссөздер өткізеді
Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздер 17 ақпанда Женевада өтеді. Бұл туралы Иран СІМ мәлімдеді.
Ведомствоның Telegram-арнасында жарияланған хабарламада:
— Иран мен АҚШ арасындағы ядролық мәселеге қатысты жанама келіссөздер сейсенбі күні Оманның делдалдығымен өтеді, — делінген.
Ақпаратқа сәйкес, америкалық делегация құрамына АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф пен кәсіпкер Джаред Кушнер кіреді деп күтілуде.
Иран делегациясын Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи басқарады. Делдал ретінде келіссөздерге Оман СІМ басшысы Бедр бин Хамед әл-Бусаиди қатысады.
Еске салсақ, АҚШ пен Иран өкілдері арасындағы алғашқы келіссөздер Оман астанасы Маскатта өткен болатын. IRNA агенттігінің мәліметінше, онда аймақтық қауіпсіздік, зымыран бағдарламасы және өзге де тақырыптар талқыланбаған.
Оман СІМ басшысы алғашқы кездесудің тараптардың ұстанымдарын нақтылап, алдағы ілгерілеу бағыттарын айқындауға мүмкіндік бергенін айтқан.
Бұл келіссөздер былтыр Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік қақтығыс кезінде АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған соққыларынан кейінгі шиеленістен соңғы жоғары деңгейдегі алғашқы тікелей дипломатиялық байланыс болып отыр. Келіссөздер әскери эскалация қаупі сақталған әрі Вашингтон мен Тегеран тарапынан қатаң мәлімдемелер айтылып жатқан кезеңде өтпек.