Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:23

АҚШ пен Иран екі апталық бітімге келді

АҚШ пен Иран
Фото: ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ұсынған бейбіт жоспар әскери қақтығысты тоқтатуға негіз бола алатынын мәлімдеді.

 Келіссөздер 10 сәуір күні Исламабад қаласында өтеді. Бұл туралы Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі хабарлады.

АҚШ Пәкістанмен жүргізілген консультациялардан кейін Иранға қарсы «бомбалау мен шабуылдарды» екі аптаға тоқтататты. Бірақ бұл кезеңде Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін өтуі қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл жөнінде Трамп 7 сәуір күні Truth Social желісінде жазды.

Өз мәлімдемесінде ол Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифтің «Иранға шабуылды уақытша тоқтата тұру» туралы өтінішіне сілтеме жасады. Сондай-ақ Трамп АҚШ-тың атысты тоқтату шешімін «біз барлық әскери мақсаттарды орындап, тіпті асыра орындадық» деп түсіндірді.

Оның айтуынша, Иранмен ұзақмерзімді бейбіт келісім бойынша жұмыс та нәтижелі жүріп жатыр.

«Біз Ираннан он тармақтан тұратын ұсыныс алдық және оны келіссөздер үшін тиімді негіз деп санаймыз. Бұрынғы даулы мәселелердің басым бөлігі келісілген. Екі апталық кезең келісімді толық аяқтауға мүмкіндік береді», — деді Трамп.

The New York Times басылымына АҚШ әкімшілігінің өкілі америкалық соққылардың тоқтатылғанын растады.

Сондай-ақ CNN мәліметінше, Израиль де екі аптаға Иранға соққыларды тоқтатуға қосылады.

Тегеран бітімге дайын екенін растады

Иранның Fars агенттігі Тегеранның бітімге дайын екенін хабарлады. Сонымен бірге, мәлімдемеде Иран бұл келісімді «үлкен жеңіс» деп бағалап, АҚШ-ты өздерінің он тармақтан тұратын толыққанды бейбіт жоспарын қабылдауға мәжбүр етті деп мәлімдеді.

Бұл жоспар бұрын Пәкістан арқылы АҚШ-қа жеткізілген. Онда Иранға қарсы санкцияларды алып тастау және Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге ақы енгізу сияқты талаптар бар.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи алдағы екі апта ішінде Ормуз бұғазы кемелер үшін қауіпсіз ашық болатынын айтты. Бұл Иран Қарулы күштерімен келісілген және техникалық мүмкіндіктер ескерілген.

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер 10 сәуірде Исламабадта өтеді. Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі бұл келіссөздер «америкалық тарапқа толық сенімсіздік жағдайында» өтетінін мәлімдеді.