АҚШ пен Иран келісімге келе алмады
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс АҚШ пен Иранның Исламабадтағы келіссөздерде келісімге келе алмағанын мәлімдеді.
«Ирандықтармен мазмұнды талқылаулар өтті – бұл жақсы жаңалық. Бірақ жаман жаңалық – біз келісімге келе алмадық. Менің ойымша, бұл АҚШ-қа қарағанда Иран үшін жағымсыз жаңалық. Өкінішке қарай, ешқандай ілгерілеу болған жоқ», – деді америкалық келіссөз тобына жетекшілік еткен вице-президент.
Оның айтуынша, Иран АҚШ ұсынған шарттарды қабылдаудан бас тартқан, ал делегация АҚШ-қа қайтып бара жатыр.
Вэнс ядролық қару мәселесі АҚШ-тың Иранмен келіссөздеріндегі басты тақырып екенін атап өтті. Сондай-ақ Дональд Трамп әкімшілігінің негізгі мақсаты – Тегеранның қазір де, болашақта да ядролық қаруға ие болуына жол бермеу екенін айтты. Оның сөзінше, Исламабадтағы келіссөздерде АҚШ ирандықтардың ядролық қару әзірлемеу жөнінде міндеттеме алуға дайын екенін байқамаған.
АҚШ Ираннан ядролық қаруға немесе оны жасау процесін жеделдететін құралдарға ие болмау туралы «қатаң міндеттеме» алуды талап етеді. Бұл – Вашингтонның өзгермейтін шарты.
«Біз өте қарапайым ұсыныспен кетіп барамыз – бұл өзара келісімге келу үшін ең соңғы әрі ең тиімді ұсынысымыз. Енді ирандықтар оны қабылдай ма, жоқ па – соны көреміз», – деді Вэнс.
Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Бакаи келіссөздер сенімсіздік жағдайында өткенін және бір ғана кездесуде келісімге келу мүмкін емес екенін айтты. Соған қарамастан, ол негізгі мәселелер бойынша пікірлер әртүрлі болғанымен, кейбір бағыттарда тараптардың ұстанымы сәйкес келгенін атап өтті.
Оның айтуынша, Иран дипломатиялық күш-жігерді жалғастыруға дайын және Пәкістан мен басқа да делдалдармен тұрақты байланыста болады.
Ирандық басылымдар АҚШ ұсынған шарттарды тым ауыр деп бағалаған. Атап айтқанда, Tasnim агенттігінің хабарлауынша, АҚШ байытылған уранды Ираннан шығарып әкетуді талап еткен. Ал Financial Times тараптардың Хормуз бұғазы мәселесінде де «тұйыққа тірелгенін» жазды.
Келіссөздер аяқталған кезде АҚШ президенті Дональд Трамп UFC турнирін тамашалап отырған. Ол бұған дейін Пәкістандағы келіссөздердің нәтижесі оны қызықтырмайтынын, «АҚШ бұл соғыста әлдеқашан жеңіске жеткенін» айтқан еді. Оның сөзінше, Иранның авиациясы, флоты мен басшылығы жойылған.
Келіссөздерден кейін Трамп тікелей пікір білдірмегенімен, әлеуметтік желідегі парақшасында келіссөздер сәтсіз аяқталған жағдайда АҚШ Иранды теңіз арқылы қоршауға алуы мүмкін екені туралы мақалаға сілтеме жариялады.