АҚШ пен Иран Оманда келіссөздерді бастады
Оман астанасы Маскат қаласында АҚШ пен Иран өкілдері арасында жанама келіссөздер басталды.
Иран делегациясын елдің сыртқы істер министрі Аббас Аракчи, ал АҚШ тарапын Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф бастап отыр. Келіссөздерге сондай-ақ АҚШ президентінің кеңесшісі Джаред Кушнер қатысуы мүмкін. Процесс Оманның араағайындығымен өтуде.
Вашингтон Иранның ядролық бағдарламасы бойынша дипломатияға қайта оралуға дайын екенін мәлімдегенімен, келіссөздердің күн тәртібін кеңейтуді талап етіп отыр. АҚШ тарапы баллистикалық зымырандар, Тегеранның аймақтық саясаты және адам құқықтары мәселесін де талқылауды ұсынады. Ал Иран билігі келіссөздер тек ядролық қару аясында ғана жүргізілуі тиіс екенін қадап айтуда.
"Иран дипломатияға ашық көзқараспен және өткен оқиғаларды ұмытпай қадам басып отыр. Біз таза ниетпен әрекет етеміз әрі өз құқығымызды табанды түрде қорғаймыз. Қабылданған міндеттемелер толық орындалуы тиіс, — деді Аббас Аракчи.
Тегеран баллистикалық зымыран бағдарламасын бірнеше рет «қызыл сызық» деп атап, қорғаныс әлеуеті бойынша кез келген келіссөзден бас тартатынын мәлімдеген. Осыған дейін Иранның мемлекеттік телеарнасы Ислам революциясы сақшылар корпусының жерасты нысандарында алыс қашықтыққа арналған «Хорремшехр-4» жаңа баллистикалық зымыраны орналастырылғанын хабарлаған болатын.
Сонымен қатар халықаралық БАҚ дереккөздеріне сүйенсек, Иран уранды байыту мәселесінде белгілі бір икемділікке баруға дайын. Атап айтқанда, жоғары байытылған уранның бір бөлігін беру немесе санкциялар толық алынған жағдайда консорциум аясында байытудың нөлдік деңгейін қабылдау мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл санкциялар АҚШ-тың 2018 жылы ядролық келісімнен шығуынан кейін қайта енгізілген еді.
Келіссөздер АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс әлі де сақталып отырған кезеңде өтуде. Өткен жылдың маусым айында АҚШ Израильдің 12 күндік әскери операциясының соңғы кезеңіне қосылып, Иранның ядролық нысандарына соққы жасаған болатын. Осыдан кейін Тегеран уран байыту жұмыстарын уақытша тоқтататынын мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп дипломатиялық жол нәтиже бермеген жағдайда Вашингтонның өзге де әрекет нұсқалары бар екенін бірнеше рет ескерткен. Ал Иран билігі кез келген әскери шабуылға қатаң жауап беруге дайын екенін айтып, аймақта АҚШ әскери базалары орналасқан елдер үшін қауіп-қатер туындауы мүмкін екенін алға тартқан.