АҚШ пен Иран осы аптада Ыстанбұлда келіссөз өткізуі мүмкін
АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейген тұста екі ел жұма күні Ыстанбұлда дипломатиялық келіссөздер өткізуі мүмкін.
NBC News басылымы Таяу Шығыстағы дипломатиялық ортадан төрт дереккөзге және АҚШ-тың бір шенеунігіне сілтеме жасап хабарлағандай, делегациялар құрамына Ақ үйдің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи кіреді.
Басылымның мәліметінше, Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайын және егер келісімнің мақсаты ядролық қару жасауға жол бермеу болса, мәмілеге қол жеткізуге үміт артып отыр.
Келіссөздердің негізгі тақырыптары:
-
Иранның ядролық бағдарламасы;
-
зымыран (ракеталық) бағдарламасы болмақ.
Тараптар кездесуді Ыстанбұл қаласында жұма күні өткізу мүмкіндігін пысықтап жатыр, алайда барлық егжей-тегжей әлі толық келісілмеген. Келіссөздер Түркияның арағайындығымен, Қатар мен Мысырдың қолдауымен өтпек.
Таяу Шығыстағы бірқатар дипломаттардың пікірінше, келіссөздерге Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан және Оман елдерінің сыртқы істер министрлері де қатысуы мүмкін.
Бұған дейін Иран АҚШ тарапынан ықтимал шабуыл жасалған жағдайда аймақтық соғыс қаупі бар екенін ескерткен болатын.