Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:40

АҚШ пен Иран Оманда ядролық келісім бойынша алғашқы келіссөздерді өткізді

АҚШ пен Иран
Фото: Getty Images/ugurhan

 АҚШ пен Иран өкілдері Оман астанасы Маскатта ядролық келісімге байланысты алғашқы келіссөздердің алғашқы кезеңін өткізді.

Келіссөздерге Иран тарапынан сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Арағчи, ал АҚШ тарапынан президенттің Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф жетекшілік етті.

Екі ел өкілдері бір бөлмеде отырмаған

Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Бакаийдің айтуынша, тараптар келіссөз барысында бір бөлмеде отырмаған. Келіссөздер Оман делдалдығымен жүргізілген – яғни, делегаттар арнайы бөлмелерде отырып, хабар алмасуды Умман өкілдері арқылы жүзеге асырған.

"Келіссөз аймақтағы шиеленісті бәсеңдету, тұтқындарды алмастыру және Иранның ядролық бағдарламасына бақылау енгізу есебінен Иранға қарсы санкцияларды жеңілдету жөніндегі шектеулі келісімдерге бағытталған", – деді уммандық дереккөз.

Келіссөздер жалғасады

Мәліметтерге сәйкес, келіссөздердің екінші кезеңі 19 сәуір күні тағы да Маскат қаласында өтеді. Бұған дейін Иран тарапы АҚШ-пен уақытша ядролық келісім жасау жөнінде ұсыныс айтуы мүмкін деген хабарлар тараған еді.

Келіссөздер басталар алдында Иран делегациясының басшысы Аббас Аракчи Оман сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаидимен кездесіп, Тегеранның негізгі ұстанымдарын таныстырған.

Айта кетейік, 2019 жылы АҚШ сол кездегі президент Дональд Трамптың шешімімен Иранмен жасалған ядролық келісімнен (JCPOA) біржақты түрде шығып кеткен болатын. Осыдан кейін Иран ядролық бағдарламасын қайта жандандырды.

АҚШ барлау қызметінің бағалауы бойынша, Иран бірнеше ай ішінде ядролық қару жасау мүмкіндігіне ие болуы ықтимал. Дональд Трамп бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол берілмейтінін бірнеше рет мәлімдеген.

Трамптың президенттікке қайта келуі АҚШ пен Иран арасындағы қатынасты қайта күрделендіріп отыр. Ол Иранға қатысты қатаң ұстанымды жалғастырып, санкцияларды сақтау және қажет болған жағдайда жаңа шектеулер енгізу мүмкіндігін де жоққа шығармады.

Тегтер: