Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:20

АҚШ пен Иран ядролық келісімге қол қоя ма?

Шамхани
Фото: ашық дереккөз

Иран билігі АҚШ-пен ядролық келісімді қайта жаңғыртуға дайын екенін ресми түрде мәлімдеді. 

Бұл туралы Иранның Жоғарғы көшбасшысының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Әли Шамхани NBC телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Шамханидің айтуынша, егер АҚШ Иранға қарсы барлық экономикалық санкцияларды біржола және дереу жоятын болса, Тегеран ядролық келісімге қайта оралуға әзір. Бұл өз кезегінде 2015 жылғы Иранның ядролық бағдарламасына қатысты бірлескен кешенді іс-қимыл жоспары (JCPOA) негізіндегі келіссөздердің қайта жандануы мүмкін екенін көрсетеді.

— Егер АҚШ бізге қарсы барлық экономикалық қысымды тоқтатса, Иран келісімге келуге дайын. Біз жоғары байытылған ураннан бас тартып, оны тек бейбіт мақсатта, мысалы, ядролық энергия өндіру үшін төмен деңгейде байытуға келісе аламыз, - деді Шамхани.

Сондай-ақ, Иран тарапы уран байыту процесін халықаралық бақылаушылардың жіті қадағалауына ашық екенін мәлімдеді. Бұл халықаралық қауымдастықтың сенімін қайта арттыруға бағытталған қадам ретінде бағаланып отыр.

NBC журналисі қойған «Иран дәл қазір келісімге қол қоюға дайын ба?» деген сауалға Шамхани: «Егер біз ұсынған шарттар толық орындалса – иә, дайынбыз», - деп жауап берді.

Соңғы уақытта Иран мен АҚШ арасында дипломатиялық байланыс қайта жанданғанымен, келісімге қайта келу жолында әлі де көптеген кедергілер мен сенім дағдарысы сақталып отыр. Дегенмен, Иран тарапының бұл мәлімдемесі келіссөздердің қайта басталуына жаңа серпін беруі мүмкін.

Тегтер: