АҚШ пен Қытай сауда соғысы: Қытай тауарларына кедендік тариф 145%-ға жетті

АҚШ Қытайдан келетін импорттық тауарларға жаңа кедендік тариф белгіледі. Енді жалпы тиімді мөлшерлеме 145 пайызды құрайды.
Бұл туралы CNBC телеарнасы Ақ үйге сілтеме жасап хабарлады.
2025 жылдың 9 сәуірінде АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға қатысты кедендік баж салығын 84 пайыздан 125 пайызға дейін арттыру жөніндегі жарлыққа қол қойған болатын. Алайда бұл көрсеткішке Қытай үшін бұрыннан күшінде болған 20 пайыздық «негізгі» тариф қосылмаған. Ақ үйдің түсіндіруінше, екі тарифті қосқанда, қазіргі уақытта Қытайдан келетін тауарларға 145 пайыздық тариф қолданылып отыр.
Президент Трамп өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында бұл шешімді түсіндіріп, Қытайдың «әлемдік нарықтарға деген құрметсіздігіне» байланысты қабылданғанын атап өтті.
«Жақын арада, Қытай АҚШ пен басқа да елдерді тонауды доғару керек екенін түсінеді. Бұл — енді қабылдауға келмейтін жағдай», — деді ол.
Қытайдың жауабы
Сол күні, 9 сәуірде, Қытай билігі де қарсы шара қабылдап, АҚШ-тан келетін тауарларға салынатын тарифті 84 пайызға дейін көтеретінін мәлімдеді. Пекиннің хабарлауынша, АҚШ енгізген жаңа баж салығына қарсы бұл жауап шарасы «мәжбүрлі әрекет». Сонымен қатар Қытай АҚШ-тың бұл саясатына қарсы Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) ресми шағым түсірді. Пекин оны «ойланбай жасалған» және халықаралық сауда ережелеріне қайшы саясат деп бағалап отыр.
Қытай Сауда министрлігінің баспасөз хатшысы Хэ Юнцзянь 10 сәуірде жасаған мәлімдемесінде, «егер келісімге келу мүмкін болмаса, Қытай соңына дейін күресуге дайын» екенін атап өтті. Дегенмен, ол диалогқа дайын екендерін де айтты, бірақ келіссөздер «өзара құрмет пен теңдікке негізделуі тиіс» екенін ескертті.
Бұл оқиғалар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының жаңа кезеңге өткенін білдіреді. Қос тарап бір-біріне қарсы жаңа тарифтер енгізіп, халықаралық нарықта үлкен белгісіздік тудырып отыр. Сарапшылардың пікірінше, екі ел арасындағы бұл текетірес жаһандық экономикаға да кері әсерін тигізуі мүмкін.