Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:41

АҚШ пен Ресей арасындағы Украина жөніндегі келіссөздерде ілгерілеу бар – Марко Рубио

Марко Рубио
Марко Рубио. Фото: Nathan Howard / Reuters

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі АҚШ-Ресей келіссөздерінде алғашқы ілгерілеу байқалғанын мәлімдеді.

Бұл туралы ол Fox News телеарнасына 3 желтоқсанда берген сұхбатында айтты.

Рубионың айтуынша, Вашингтонның басты мақсаты – Украинаға ұзақ мерзімді қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ететін шешім табу.

«Белгілі бір прогресс бар деп ойлаймын – бұл украиндар қай нұсқаға келісетінін, әрі ол болашақта олардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ететінін анықтау. Украина ешқашан қайтадан басқыншылыққа ұшырамауы керек. Экономикасын қалпына келтіріп қана қоймай, одан әрі дамып, өсетін мемлекетке айналуға тиіс», – деді Рубио.

«10 жылдан кейін Украина экономикасы Ресейден де ірі болуы мүмкін»

АҚШ мемлекеттік хатшысы дұрыс шешім қабылданса, Украина экономикасы он жыл ішінде Ресейдің ЖІӨ-інен асып түсуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі кезде Украина мен Ресей Донецк облысының 30-50 км аумағы үшін «шайқасып жатыр», ал келіссөздердің мәні – Украинаның ұзақ мерзімді тәуелсіздігін қорғау.

«Украина қуыршақ мемлекетке айналып кетпеуі керек. Ол шынайы тәуелсіз, егемен ел болып қалуы тиіс», – деді ол.

 

Уиткоффтың Путинмен кездесуінен кейінгі мәлімдеме

Fox News сұхбаты АҚШ арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Мәскеуде Владимир Путинмен кездескенінен бірнеше сағат кейін жарияланды. Кездесуде Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі АҚШ жоспары талқыланған. Кремльдің хабарлауынша, Ресей басып алған территорияларға қатысты мәселе бойынша белгілі бір ымыраға келе алмаған. 

Путиннің кеңесшісі Юрий Ушаков консультацияларды «өте пайдалы және конструктивті» деп атап, келісімге келу үшін «Вашингтон мен Мәскеуде әлі көп жұмыс» қажет екенін айтты.

Украин тараппен консультациялар

Өткен аптада Уиткофф Флоридада Украина келіссөз тобының жетекшісі Рустем Умеровпен кездескен. Бұған дейін Украина және Еуропалық одақ Вашингтонның бастапқы жоспарын сынға алған болатын. Себебі онда Ресейдің талаптары шамадан тыс ескерілгені айтылған.

Кейін Еуроодақтың қатысуымен Киев жаңа, Украинаның мүддесін көбірек қамтитын нұсқа дайындады.

Тегтер: