АҚШ пен Ресей делегациялары Флоридада кездесті
Флорида штатында АҚШ пен Ресей президенттерінің арнайы өкілдері арасында кездесу өтті.
Кездесуге АҚШ президентінің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер, сондай-ақ Ақ үйдің кеңесшісі Джош Груенбаум қатысты. Ресей тарапынан президент өкілі Кирилл Дмитриев болды.
Дмитриевтің айтуынша, кездесуде Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіруге ықпал етуі мүмкін жобалар және әлемдік энергетикалық нарықтағы дағдарыс мәселесі талқыланған.
«Қазіргі кезде көптеген мемлекеттер, ең алдымен АҚШ, әлемдік экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуде Ресей мұнайы мен газының жүйе құраушы рөлін және Ресейге қарсы санкциялардың тиімсіз әрі деструктивті екенін жақсырақ түсіне бастады», – деп жазды ол өзінің Telegram-арнасында.
Ал Стив Уиткоффтың кеңсесі қысқаша мәлімдеме жасап, тараптардың бірқатар мәселелерді талқылап, байланыста болуға келіскенін ғана хабарлады.
Бұған дейін АҚШ әлемдік энергетикалық нарықтағы қысымды азайту үшін Ресей мұнайына қатысты санкцияларды жеңілдету мүмкіндігін қарастырып жатқаны белгілі болған еді. Қазір нарыққа АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы әсер етіп отыр.
Атап айтқанда, Үндістандағы мұнай өңдеу зауыттарына теңізде тұрған және сатып алушы табылмаған ресейлік мұнайды уақытша сатып алуға рұқсат берілген.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент бұл шешім Ресейдің Украинадағы соғысты қаржыландыру мүмкіндігіне елеулі әсер етпейтінін мәлімдеді.