АҚШ пен Украина «бейбітшілік жоспары» бойынша жаңа құжат дайындады
Женевадағы келіссөздер нәтижесі бойынша Киев пен Вашингтон Украинада бейбітшілік орнатуға арналған жаңартылған және жетілдірілген құжат әзірледі.
Бұл туралы екі тараптың бірлескен мәлімдемесінде айтылды. Құжаттың өзі әзірге жарияланған жоқ.
АҚШ пен Украина билік өкілдері 24 қарашаға қараған түні Женевада өткен келіссөздер нәтижесінде Украинадағы бейбітшілікке қол жеткізуге арналған жаңартылған «шекараны анықтайтын құжат» дайындалғанын бір мезетте хабарлады.
Бірлескен мәлімдеме Ақ үй мен Украина президенті сайтына жарияланды. Онда екі тарап мұны жемісті кеңес деп бағалағаны айтылады.
«Тараптар кез келген болашақ келісім Украина егемендігі толық құрметтелуіне және тұрақты әрі әділ бейбітшілік орнатуға қызмет етуі тиіс екенін растады», - делінген мәтінде.
Құжаттың өзі әзірге құпия.
Мәлімдемеге сәйкес, тараптар алдағы күндері құжат бойынша белсенді жұмыс жүргізуді және Еуропамен тығыз ынтымақтасуды жалғастыруға уағдаласқан.
23 қараша күні Женевада Украина делегациясы, оның еуропалық одақтастары өкілдерімен өткен консультациялардан кейін Рубио келіссөздер енді алдағы жұмыстың негізіне айналатын «маңызды құжат» әзірленгенін айтты. Украина делегациясын басқарып отырған президент офисі жетекшісі Андрей Ермак та Швейцариядағы АҚШ өкілдерімен келіссөздер тиімді өткенін жеткізді.
«Біз өте қысқа, өте ақылға қонымды мерзім ішінде мақсатқа жетеміз деп оптимистік көзқарастамыз. Бізге тек бүгінгіден сәл көбірек уақыт керек. Мен бұған қол жеткізетінімізге сенімдімін», - деді Рубио.
Америкалық саясатшының айтуынша, Женевадағы келіссөздерге қатысушылар «бейбітшілік жоспарына» тағы бірқатар өзгеріс енгізуден бұрын бірнеше мәселені талқылауы тиіс. Атап айтқанда, соғысты реттеуде ЕО мен НАТО рөлі қарастыруды қажет етеді.
Содан кейін құжатты АҚШ және Украина президенттері деңгейінде келісу керек болады, деді Рубио. Ол Трамп пен Зеленский арасында жаңа диалог болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Сонымен бірге, болашақ келісімдерге Ресей жағы да өз пікірін білдіруі тиіс екені айтылды. Құжат мәтіні келісілген соң ол бірден Вашингтонға ұшып кеткен.
Бұған дейін dpa агенттігі хабарлағандай, Еуропа АҚШ-тың Украинаға қатысты бейбітшілік жоспарына бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынып, кей маңызды талаптарды Киев пайдасына жұмсартуды көздеп отыр.
Reuters агенттігінің дерегінше, Еуропа ұсынған өзгерістерде «бейбітшілік жоспары» Украина қазіргі бақылауындағы аумақтарды Ресейге беруді талап етпейді. Сонымен қатар Ресейдің соғыс кезінде басып алған аумақтарын де-факто мойындау да қарастырылмаған.
20 қарашада АҚШ Украинаға арналған 28 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын ұсынған еді. Құжатқа сәйкес, Украина Донбастан әскерін толық шығарып, армиясын айтарлықтай қысқартуы, алыс қашықтыққа ұшатын қарулардан және НАТО-ға қосылу жоспарын өзгертуі қажет болатын.
Женевадағы кездесуден бұрын Доналд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Киевтің «бейбітшілік жоспарының» алғашқы нұсқасы бойынша жасаған қадамдары үшін жеткілікті алғыс білдірмей отырғанына наразы болған еді. Ал Зеленскийдің сайтындағы мәлімдемеде «Украина делегациясы АҚШ-қа және президент Дональд Трампқа тағы да алғыс білдіргені» айтылды.