АҚШ президенті Дональд Трамптың рейтингі төмендей бастады

АҚШ-та президент Дональд Трамптың халық арасындағы қолдауы бәсеңдеп барады. Бұл жөнінде The Economist басылымына сілтеме жасаған дереккөздер хабарлайды.
Сарапшылардың пікірінше, рейтингтің төмендеуіне америкалық сайлаушылар арасында Трамптың әрекеттеріне байланысты күшейіп келе жатқан ашу мен реніш себеп болуда. Тіпті оның кейбір бастамалары сәтті жүзеге асқанымен, Трамп оларды тым асыра бағалап, шындықты әсірелеп көрсетеді.
Сайлаушылар неге көңілі қалды?
Қазіргі таңда Трампқа дауыс берген әр бесінші адам оның баға және кедендік саясаттағы шешімдерін құптамайды. Бұрын оны қолдаған, тіпті 2024 жылғы жеңісіне үлес қосқан адамдардың біразы енді теріс айналған.
Сауда соғысы және салдары
2 сәуірде Трамп әлемнің 185 еліне, соның ішінде Қазақстанға да, өзара кедендік баж салығын енгізген болатын. Бұл шешім жаһандық нарықтарға теріс әсер етіп:
-
ірі биржалар индексі құлдырады,
-
жетекші компаниялар акциялары арзандады,
-
мұнай мен металл бағасы төмендеді,
-
криптовалюта да күрт құнсызданды.
10 сәуірде Трамп бұл тарифтерді 90 күнге тоқтататынын мәлімдеп, "адамдар жүйкесі сыр беріп, айқайға басты" деп түсіндірді.
Қытаймен қақтығыс күшейді
Сол уақытта АҚШ пен Қытай арасындағы кедендік текетірес те ушыға түсті. Трамп Қытайдан келетін тауарларға бастапқыда 10%, кейін 145%-ға дейін салық салды. Бұған жауап ретінде Пекин америкалық экспортқа 125%-ға дейін баж енгізді. Бұған жауап ретінде Трамп Қытайға 245%-дық баж салығымен қоқан-лоққы жасады.