Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:05, 05 Қаңтар 2024

АҚШ: Ресей Украинада КХДР зымырандарын қолданып жатыр

 зымыран
Фото: Picture Alliance

Солтүстік Корея жақында Ресейге баллистикалық зымыран тасығыштарды, тағы басқа бірнеше зымырандарды жеткізге. Ақ үй оларды Ресей  Украинада пайдаланып жатқанын хабарлады.

Мәскеу мен Пхеньянның әскери ынтымақтастығы Ресейдің халықаралық оқшаулануы күшейіп жатқан кезде артып келеді. Демалыс күндері ресейлік күштер Украинада Солтүстік Кореяның баллистикалық зымырандарын пайдаланған. Бұл туралы АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби мәлімдеді.

Ол 30 желтоқсанда кем дегенде бір Солтүстік Корея зымыранын Ресей ұшырған болуы мүмкін екенін, ал 2 қаңтарда Ресей күштері Украина аумағына осындай тағы бірнеше зымыранды ұшырғанын айтты. Қазіргі уақытта АҚШ бұл оқ-дәрілерді қолданудың ықтимал салдарын бағалауда.

Кирбидің айтуынша, Пхеньяндағы режим жақында Ресейге баллистикалық зымырандар мен осындай бірнеше зымыран жеткізген. Ақ үй өкілі қанша зымыран ұшырылғанын нақтыламады.

"Бұл Солтүстік Кореяның Ресейді қолдауының айтарлықтай артуы", - деді Джон Кирби.

Ресей мен КХДР арасындағы әскери технология алмасу

Солтүстік Кореяда жасалған зымырандардың ұшу қашықтығы 900 шақырымға жуық. АҚШ әкімшілігінің хабарлауынша, Пхеньян Ресейден көмек ретінде әскери техника, соның ішінде жойғыш ұшақтар, «жер-әуе» зымырандар, броньды машиналар және озық әскери технологияларды алғысы келеді. Бұл Корей түбегі мен бүкіл Үнді-Тынық мұхиты аймағының қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін, деп ескертті Кирби.

 АҚШ-тың әскери өкілдері Мәскеу мен Тегеран арасындағы иранның зымырандарын жеткізу бойынша келіссөздер ілгерілеп жатқанын атап өтті. Халықаралық оқшауланудың күшеюіне байланысты Ресей өзімен мақсаты бір елдерден әскери техника мен қару-жарақ іздеуге мәжбүр. Алайда Вашингтон өкілдерінің хабарлауынша, зымырандар Ираннан Ресей Федерациясына әлі жеткізілмеген.