АҚШ шабуыл жасаса, аймақтық соғыс қаупі бар – Иран
Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменеи АҚШ тарапынан болуы мүмкін агрессия тек жергілікті қақтығыспен шектелмей, ауқымды аймақтық соғысқа ұласатынын мәлімдеді.
" Біз ешқашан соғысты бастаушы болмаймыз. Бірақ кез келген шабуылға жойқын соққымен жауап береміз", — деді Ислам Республикасының жоғарғы көшбасшысы.
Ол бұл мәлімдемесін Ислам революциясының жеңіске жетуінің 47 жылдығы мен имам Хомейнидің Иранға оралуының жылдығы қарсаңындағы сөзінде айтты.
Сөз барысында елдің ұлттық қауіпсіздігі, ішкі тұрақсыздықтар және АҚШ-пен ұзақ жылдардан бері жалғасып келе жатқан текетірестің түпкі себептері қозғалды.
IRNA агенттігінің хабарлауынша, Әли Хаменеи елде жақында болған толқуларды мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетімен салыстырды. Оның айтуынша, полицияға, мемлекеттік мекемелерге, мешіттер мен банктерге жасалған шабуылдардың мақсаты — елдегі басқару жүйесін әлсірету болған. Алайда бұл «астыртын әрекет» сәтсіз аяқталып, толықтай басып-жаншылған.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Иранда экономикалық жағдайдың күрт нашарлауы, ұлттық валютаның құнсыздануы мен инфляцияның өсуі аясында Тегеранда жаппай наразылықтар басталып, кейін елдің басқа қалаларына да тараған еді.
Иран төңірегіндегі шиеленіс күшейген тұста, қаңтар айының соңында АҚШ-тың әуе тасымалдаушы кемелер тобы Таяу Шығыс аймағына жеткізілді.
Бұған дейін Иранның сыртқы істер министрі АҚШ тарапынан соққы жасау қаупіне қарамастан, Тегеран Вашингтонмен ядролық бағдарлама мәселесі бойынша келісімге келуге мүмкіндік бар екеніне сенімді екенін мәлімдеген болатын.