“АҚШ шапалағын алды”: Хаменеи Иранның Израильге қарсы соғыстағы жеңісін жариялады

Иранның рухани көшбасшысы АҚШ-тың соғысқа араласқанымен еш нәтижеге жете алмағанын мәлімдеді.
Ол Иранға тағы соққы жасалған жағдайда америкалық әскери базаларға жаңа шабуылдар болатынын ескертті.
Израильмен арадағы соғыс тоқтағаннан кейін алғаш рет жария мәлімдеме жасаған Иранның рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи 12 күнге созылған әскери қақтығыста елінің “жеңіске жеткенін” мәлімдеді. 26 маусым, бейсенбі күні оның видеоүндеуі Иранның мемлекеттік телеарнасынан көрсетіліп, мәтіні X (бұрынғы Twitter) желісінде жарияланды.

Хаменеи АҚШ бұл соғысқа араласса да, ешқандай жетістікке жете алмағанын, ал президент Дональд Трамп тек “көрерменге ойнаумен” айналысқанын айтты. Иран көшбасшысының айтуынша, Вашингтон бұл қақтығыста тікелей араласқан, өйткені Израильге қауіп төніп тұрған жағдайда АҚШ-тың қатысуынан басқа амалы болмаған. “Ислам Республикасы жеңіске жетті, ал Америкаға ауыр шапалақ берілді”, - деді ол.
Аятолла Иран ешқашан берілмейтінін де атап өтті. Егер АҚШ тарапынан тағы соққы жасалса, америкалық әскери базаларға шабуыл жасалатынын қайта ескертті. Айта кетейік, Хаменеи соғыс басталғалы бері алғаш рет 19 маусымда ғана видеоүндеу арқылы халық алдына шыққан еді.
Еске салайық, Израиль Иранға қарсы әскери операцияны 13 маусымға қараған түні бастап, елдің ядролық нысандары мен әскери базаларына, армия құрамына соққы жасады. Израиль бұл шабуылдарды Иранның ядролық қаруға жақындағанымен түсіндірді. Тегеран бұл айыптауларды жоққа шығарып, жауап ретінде Израильге жүздеген дрон мен баллистикалық зымыран атқан.
22 маусымға қараған түні АҚШ әскери күштері Иранның үш ядролық нысанына соққы жасап, ресми түрде қақтығысқа араласты. B-2 ұшақтары Фордо зауытына салмағы 13,6 тонналық 12 бомба тастап, тағы екеуі Натанс нысанына бағытталды. Сонымен қатар сүңгуір қайықтардан Натанз бен Исфаханға қарай 30 “Томагавк” зымыраны ұшырылды. Трамп өз үндеуінде Иранның уран байытуға арналған негізгі объектілері жойылғанын мәлімдеді.
23 маусымда Иран АҚШ-тың Катардағы базасына соққы жасады. Ал 24 маусымға қараған түні Трамп Израиль мен Иран атысты тоқтатуға дайын екенін айтып, бұл шешім бірнеше сағат ішінде күшіне енді. Алайда көп ұзамай Израиль Ираннан тағы зымыран атылғанын хабарлап, оған қатаң жауап болатынын мәлімдеді.