АҚШ Сириядағы ДАИШ-тің 75-тен астам нысанасына соққы берді
Шабуылдың мақсаты Башар Асад режимі құлатылғаннан кейін Сириядағы қазіргі тұрақсыз жағдайды ДАИШ-тің өз пайдасына пайдалануына жол бермеу, деп хабарлады АҚШ Орталық қолбасшылығы.
Башар Асад режимі құлағаннан кейін АҚШ күштері Сирияның орталығындағы ДАИШ-тің 75-тен астам нысанасына соққы берді. АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) бұл шабуылдың мақсаты ДАИШ-тің елдегі қазіргі тұрақсыз жағдайды пайдаланып қалу әрекетінің алдын алу болды деп түсіндірді.
Операцияға В-52 стратегиялық бомбалаушы ұшақтары, F-15 жойғыш ұшақтары және А-10 шабуылдау ұшақтары қатысты.
«Сириядағы барлық топтар ДАИШ-пен ынтымақтасса немесе қандай да бір жолмен қолдау көрсетсе, біз оларды жауапқа тартатынымызды түсінуі керек», - деді CENTCOM қолбасшысы Майкл Курилла баспасөз мәлімдемесінде.
Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден Сириядағы Асад режимінің құлауын «негізгі әділдік актісі» және сонымен бірге «қауіпті сәт» деп атаған.
«ДАИШ қазіргі жағдайды пайдаланып, бос орынды толтыруға тырысады, біз бұған жол бермейміз», - деді ол Ақ үйде сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ ол Асадты тақтан тайдырған кейбір топтардың бұрын лаңкестікпен және адам құқықтарын бұзумен айналысқанын айтты.
Сириядағы билікті көтерілісшілер басып алды
Қарулы топтар қараша айының соңында Сирия президенті Башар Асадтың үкімет күштеріне қарсы кең ауқымды шабуылды бастады. Бірнеше күннің ішінде олар ірі қалаларды бақылауға алды. Желтоқсанның 8-і күні сириялық көтерілісшілер ел астанасы Дамаскіге кіріп, Башар Асад режимін құлатқанын мемлекеттік телеарна арқылы жариялады.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Асад Сириядан кетіп қалған. ТАСС агенттігі өз ақпарат көздеріне сілтеме жасап, оның Мәскеуде отбасымен жүргенін хабарлады.