АҚШ соты Трамп әкімшілігін «Америка дауысы» радиосының жұмысын қайта бастауға міндеттеді
АҚШ-та федералды сот президент Дональд Трамп әкімшілігін «Америка дауысы» (Voice of America) радиосының хабар таратуын қайта жандандырып, медиакомпания қызметкерлерін жұмысқа қайтаруға міндеттеді.
BBC-дің орыс қызметінің хабарлауынша, Колумбия округінің федералды судьясы Ройс Ламберт хабар таратуды тоқтату туралы шешімді заңсыз деп таныған. Оның қаулысына сәйкес, билік бір апта ішінде БАҚ жұмысын толық қалпына келтіріп, 1042 қызметкерді қызметіне қайта алуы тиіс.
Бұған дейін, өткен жылдың 29 наурызында, басқа федералды судья Пол Откен әкімшілікке «Америка дауысы» радиосын жабу процесін тоқтатуды тапсырған еді. Сол кезде сот қызметкерлерді жұмыстан шығаруға тыйым салғанымен, хабар таратуды қайта бастау талабын қоймаған. Ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл шешім ішінара орындалған: кейбір қызметкерлер ақылы демалысқа жіберілгенімен, журналистердің басым бөлігі жұмысынан шеттетілген.
Өткен аптада судья Ламберт АҚШ-тың Ғаламдық медиа агенттігінің (USAGM) басшысы Кэри Лейктің қызметкерлерді жұмыстан босатуға өкілеттігі болмағанын да атап өтті. Себебі оның кандидатурасы Сенатта бекітілмеген.
Судья шешімінде журналистерді жұмыстан шығару «ерікті әрі негізсіз» болғанын айтып, үкімет «Америка дауысының» қызметін реттейтін заң талаптарын ескермегенін жеткізді.
Еске сала кетейік, өткен жылдың наурыз айында Дональд Трамп бірқатар мемлекеттік агенттіктердің жұмысын қысқарту туралы жарлыққа қол қойған болатын. Оның ішінде «Америка дауысы» мен «Азаттық радиосы» да бар. Әкімшілік бұл шешімді агенттіктердің қызметін заңда қарастырылған ең төменгі деңгейге дейін қысқарту қажеттілігімен түсіндіріп, «Америка дауысын» біржақты ақпарат таратады деп айыптаған.
Өз кезегінде «Америка дауысының» журналистері сотқа жүгініп, сөз бостандығы құқықтарының бұзылғанын мәлімдеді. Ал «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» корпорациясы USAGM-ге қарсы жеке талап-арыз беріп, қаржыландыруды тоқтату әрекетіне қарсы шықты.
Ашық деректерге сәйкес, «Америка дауысы», «Азаттық радиосы» және «Азат Азия радиосының» жалпы аудиториясы шамамен 361 миллион адамды құрайды. Олар ондаған тілде хабар таратады.