Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 18:07

АҚШ-та Мадуроның азаматтық некедегі әйеліне қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін

Мадуро жұбайымен
Фото: ашық дереккөз

Венесуэла басшысы Николас Мадуромен бірге АҚШ-қа әкетілген оның азаматтық жұбайы Силия Флорес есірткі саудасына қатысты дау-дамайлы айыптауларда аты аталды. 

Mash дерегінше, Флореске қатысты АҚШ-та қылмыстық айып тағылуы мүмкін. Бұған 2020 жылы оның бұрынғы жеке күзетшісі Ясенски Антонио Ламастың берген куәлігі негіз болуы ықтимал. Оның айтуынша, Венесуэланың бұрынғы бірінші ханымы есірткі контрабандасымен айналысқан өз жиендерін қорғап, «қалқалап» отырған.

Деректерге қарағанда олар 2017 жылы 800 келі кокаинді АҚШ аумағына өткізбек болғаны үшін ұсталып, америкалық сот оларды 18 жылға бас бостандығынан айырған. Тергеу барысында бұл істің артында жоғары лауазымды тұлғалардың қолдауы болғаны айтылып, Флорестің есімі жанама түрде аталған.

Силия Флорес Венесуэла саясатының көлеңкесінде қалған тұлға емес. Заңгер ретінде ол 1994 жылы болашақ президент Уго Чавесті түрмеден босатуға қол жеткізген. Чавес 1992 жылғы сәтсіз мемлекеттік төңкеріс әрекеті үшін қамауға алынған еді. Кейін Флорес оның 1998 жылғы президенттік сайлаудағы жеңісіне де белсенді түрде атсалысқан.

2012–2013 жылдары Силия Флорес Венесуэланың бас прокуроры қызметін атқарды. Бұдан кейін Ұлттық конституциялық ассамблеяның депутаты болып, ресми түрде елдің бірінші ханымы мәртебесіне ие болды.

АҚШ-та тергеу қайта жандануы мүмкін

Mash мәліметінше, Флорестің АҚШ-қа жеткізілуі оның ісін қайта қарауға жол ашуы ықтимал. Әсіресе бұрынғы күзетшінің куәлігі америкалық құқық қорғау органдары үшін маңызды дәлелге айналуы мүмкін.

Бұл ақпарат әзірге ресми айыптау деңгейінде расталған жоқ, алайда Венесуэла билігінің ең жоғары эшелонын қамтитын бұл іс халықаралық резонанс тудыруы ықтимал.