Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:14

АҚШ-та Трампқа қарсы шенеуніктер қудалауға ұшырап жатыр — Reuters

Трамп
Фото: ЖИ

АҚШ-та президент Дональд Трамптың әкімшілігімен байланысы бар American Accountability Foundation (AAF) ұйымы 175-ке жуық федералдық қызметкердің есімдері, суреттері мен жеке деректерін жариялады.

Олар бұл шенеуніктерді «радикалды солшыл идеяларды» насихаттады деп айыптады. Reuters агенттігінің 7 тамызда жазбасында айтылғандай, осы тізімдерден кейін аталған адамдар қудалауға, қысымға ұшырап, кейбірі қызметінен кеткен, ал екеуі қауіпсіздік себептерімен елден көшкен.

Тізімге енгендердің көршілігі әртүрлі партиялық әкімшіліктерде ұзақ жыл қызмет еткен. Көпшілігі — жұртқа беймәлім мемлекеттік қызметкерлер. AAF бастапқыда экс-президент Джо Байденге қарсы бағытталған ұйым болғанымен, кейін Трамптың саяси қарсыластарын жою құралына айналған.

Тізімдегі 88-ден астам адам үкіметтен кетуге немесе әкімшілік демалыс алуға мәжбүр болған. Кейбірі жұмыстан шығарылған, өзгелері — басқа қызметке ауысу қаупінен өз еркімен кеткен. AAF жетекшісі Том Джонс «Трампқа қарсы шығатын мемлекеттік қызметкерлер олардың бақылауында екенін білуі тиіс» деп мәлімдеді.

Жарияланған деректер ашық көздерден және әлеуметтік желілерден алынған. Онда демократтарға қаржылай қолдау көрсету немесе иммигранттарға көмек беретін ұйымдарды қолдау сияқты «солшыл» әрекеттер атап өтілген.

AAF алғашқы тізімді 2024 жылғы сайлау алдында жариялады. Онда Ішкі қауіпсіздік министрлігі мен Әділет министрлігінде иммиграция саласында жұмыс істеген 60 қызметкер болды, соның ішінде — иммиграциялық судьялар. Қаңтарда тағы екі тізім шықты: бірі — Білім министрлігіндегі «саяси идеологтар», екіншісі — әртүрлі агенттіктердегі DEI (әртүрлілік, теңдік және инклюзивтілік) бастамаларымен айналысқан қызметкерлер.

Сарапшылардың айтуынша, AAF үй мекенжайлары немесе телефон нөмірлері сияқты дербес мәліметтерді жарияламағандықтан, құпиялықты бұзу бойынша қылмыстық іс қозғау қиын.

Трамп құрған Үкімет тиімділігі департаменті (DOGE) білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы DEI бағытындағы келісімшарттарды жоюға кірісті. Бұдан кейін америкалық корпорациялар да жұмысқа қабылдауда инклюзивтілік қағидаттарынан бас тарта бастады.