Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:47

АҚШ-та Трамптың серіктесі және консервативті жастар жетекшісі оққа ұшты

Чарльз Кирк
Чарльз Кирк. Фото: Boston Globe

АҚШ-та президент Дональд Трамптың ықпалды серіктесі, оңшыл белсенді әрі саяси шолушы Чарльз Кирк Юта университетінде өткен іс-шарада мойнынан оқ тиіп қаза тапты. Билік оқиғаны «саяси қастандық» деп атады. Оқ атқан күдікті әлі ұсталған жоқ.

Интернетте тараған бейнежазбаларда 10 қыркүйек күні Кирк Юта алқабындағы университеттің ашық алаңында сөйлеп тұрған сәтте кенеттен оқ атылғаны көрінеді. Ол қолын мойнына апарып, орындықтан құлап түседі. Айналадағы адамдар дүрбелеңге түсіп, қаша жөнелген.

Билік күдіктінің алыстан, ғимарат төбесінен оқ атқанын мәлімдеді. Іс-шараға шамамен үш мың адам жиналған. Университет полициясы алты офицерді жұмылдырғанын хабарлады.

Reuters дерегінше,  күдікті әлі ұсталған жоқ. ФТБ директоры Каш Патель бір адамның тергеліп, кейін босатылғанын растады. «Тергеу жалғасуда», – деді ол әлеуметтік желіде.

Трамптың мәлімдемесі

АҚШ президенті Дональд Трамп видеомәлімдемесінде қастандық жасаған адамды табуға уәде берді:

«Әкімшілігім бұл қылмысқа және өзге саяси зорлық-зомбылықтарға қатысы бар барлық адамдарды, соның ішінде оларды қаржыландыратын және қолдайтын ұйымдарды анықтайды», – деді ол.

Кирктің өлімі – кейінгі жылдары АҚШ саясаткерлеріне жасалған шабуылдардың жалғасы. Былтырдың өзінде Дональд Трампқа екі мәрте қастандық жасалған еді.

Юта штатының губернаторы Спенсер Кокс полиция күдікті делінетін адамды тергеп жатқанын айтты, бірақ оның аты-жөні мен оқиғаға қатыстылығы туралы толық ақпарат бермеді.

«Бұл – штатымыз үшін қаралы күн, еліміз үшін қасіретті күн. Бұл – саяси қастандық», – деді Кокс.

Кирктің рөлі

Чарльз Кирктің қаза тапқан кездегі сөзі символикалық болды: ол аудиториядан АҚШ-тағы қарулы зорлық-зомбылық туралы сұрақ алып, жауап беріп жатқанда оқ атылды.

Кирк негізін қалаған Turning Point USA ұйымы елдегі ең ірі консервативті жастар қозғалысы саналады. Ол Трамптың сайлау жеңісінде жастарды жұмылдыру арқылы маңызды рөл атқарды. Президент екінші мерзімге сайланғаннан кейін, Киркті ерекше атап өткен.

Кирктің Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде 5,3 миллион жазылушысы бар еді. Ол танымал подкаст, телебағдарламалар мен радиохабарлардың авторы болды.

Тегтер: