Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 09 Тамыз 2024

АҚШ-та тұратын қазақ дәрігерінің әңгімесі

Садыр Шорман
Фото: Садыр Шорман

Қазақ жастары әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып, жұмысқа орналасып, тіпті өз істерімен де айналысып жүр.

Арасында ғылым адамдары да көп. Солардың бірі – дәрігер Садыр Шорман. Ол 2022 жылдан бері АҚШ-тың Лонг Айленд қаласындағы ауруханада тағылымдамадан өтіп жүр. Кейіпкерімізбен АҚШ медицинасы мен білім беру жүйесі туралы әңгіме өрбіттік.

Резидентура әлде АҚШ-тағы тәжірибе?

Мен ауылдағы қарапайым мектепті аяқтап, қатарластарым секілді ҰБТ тапсырдым. Жоғары оқу орындарына құжат өткізіп, болашағым туралы ойланып жүрдім. Бірақ өзім қалаған С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне балым жетпейді-ау деп топшылап, Астанаға ақылы оқуға жол тарттым. Сөйтіп жүргенімде оқыған мектебім мені үлгерімі жақсы түлек ретінде Алматы облысы әкімінің грантына ұсыныпты. Осылайша, ойламаған жерден медицинаға келдім. Бала арманым орындалып, қатты қуанғаным рас. Денсаулық сақтау мамандығы бойынша білім алып жүріп, екінші курста мемлекеттік грантқа ауыстым, жеті жыл бойы білім алдым. Әрине, студенттер алған білімімен қатар тәжірибені де назарда ұстауы керек. Әсіресе медицина тек теорияға сенетін сала емес. Осы оймен алғашқы жұмысыма да орналастым. Еңбек жолым №4 қалалық ауруханада санитар қызметінен басталды. Ол карантин басталып жатқан кез еді. Шұғыл хирургия бөлімінде жүріп, бакалаврды тәмамдадым да мейіргер болып жаңа қызметке ауыстым. Пандемия фонындағы ота жасау бөлімі, ондағы процесс мені есейтті. Тіпті медицинаға деген көзқарасым, маман ретіндегі таным-түсінігім толықтай өзгерді деуге де болады. Адам өмірімен жұмыс істейтінімді тереңінен түйсініп, дәрігерлік жолды дұрыс таңдағаныма қуандым.

Бакалаврдан соң жұмыс істеп жүре беру деген түсінік жоқ. Интернатураға бардым. Өйткені медицина өте көп ізденісті қажет етеді. Мықты дәрігер боламын десең, өміріңнің біраз бөлігін оқуға жұмсайсың. Солай, 2021-2022 жылдары жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде интернатура оқып жүрдім. Осы кезде Литвадағы медициналық университеттердің біріне тәжірибе алмасуға баруға ниеттеніп, дайындала бастадым. Алайда ол кезде жол түспеді. Бір құжаттарға байланысты қалып қойдық. Бірақ ішімде шетел көру деген мақсат болды. Сөйтіп, көп ұзамай-ақ студенттер алмасу бағдарламасымен АҚШ-қа бардық. Нью-Йорк пен Мериленд штатында болдым. Шыны керек, Америка қатты ұнады, ерекше әсер қалдырды. Ал медицинасын тек сыртынан көріп кеттім. Іштете үңілуге мүмкіндік болмады. Елге оралған соң интернатурамды аяқтап, резидентураға құжат жинауды бастап кеттім. Өзімнің арманым – хирургия. Өмірдің ағынымен жүріп жаттық. Бірақ іштей бір сезім тыныштық бермеді. АҚШ-ты ойлай бердім. Онда баруға, оқуымды жалғастыруға мүмкіндіктер іздедім. Өз кезегінде бірнеше жерге тәжірибеден өту үшін өтінім де қалдырдым. Десек те, хабары келе қоймады. Ақыры Назарбаев университетіне түсемін деп шештім. Сонда резидентура оқимын деп шештім. Нәтижесінде, резидентураға грант алдым. Әрі өзім қалаған хирургия мамандығы бойынша. Қанша жыл Алматыда тұрып, бұл қалаға сіңіп кеткен екем. Қимай Астанаға көшуге қамданып жүргем. Сөйтсем, Нью-Йорктің жанында орналасқан Лонг Айленд қаласындағы университет ауруханасы хабарлама жіберіпті. Оның алдында өтінішіме жауап беріп, бір құжаттарымды сұрағанын ұмытып та кетіппін. Өткізіп, қоя салған едім. Клиника мені тәжірибеге қабылдағанын хабарлады. Қуандым. Бірақ терең ойға кеттім. Екі таңдаудың қайсысы дұрыс деп ұзақ сабылдым. Сонда бір танысым былай деп ақыл айтты: «НУ АҚШ-тық жүйемен оқытады. Одан да мүмкіндік бар кезде АҚШ-тың өзінде білім алып кел». Тағы бір оқытушым: «Қазақстан – сенің үйің. Қай кезде қайтсаң да өз еркің. Жас кезде мұндай мүмкіндікті жіберіп алмау керек», – деді. Осыдан соң тез арада виза алуға бардым. Сол сәтте ауылдан шыққан қарапайым бала халықаралық деңгейдегі дәрігер болса деп армандадым.

Америка медицинасы – алтын стандарт

2022 жылы арманымның артынан ұшып, АҚШ-қа келдім. Ұшақта неше сағат ұшып, уақыт белдеуін, климат ауыстырып, біршама шаршап қалыппын. Соған қарамастан, бірден клиникаға жол тарттым. Бара салып бірден іске кірістім. Бұл өзі қызық болды. Мені қарсы алар-алмастан жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде 15-16 палатаға барыңыз деген тапсырма алдым. Алғашқы американдық пациентіме қобалжып, сасқалақтап барғанымды да жасырмаймын. Оның үстіне, сөздері сондай жылдам, әрі жергілікті диалектілері бар, қысқартып, кесіп сөйлейтіні тағы бар. Сол қорқынышты күнді ешқашан ұмыта алмайтын шығармын. Алайда бәрі жақсы өтті. Бірінші пациентім үлкен жастағы кісі екен. Ауырып емес, тексеруден өтуге келіпті. Толық анализ алып, параметрлерін өлшеп, талдаулар жасау қажет. Жұмыс барысында оған өзімді таныстырып, оқиғамды айтып бердім. Бәрі жақсы аяқталды.

Одан соң сондағы бір дәрігермен жұмыс істеп кеттім. Процеске үйреністім. Осы екі жылда біраз нәрсеге жаттығып қалдым. Сонда байқағаным, Америка медицинасындағы бәсеке өте жоғары. Өйткені халық саны көп, сырттан келетіндер де бар. Арасында мықты дәрігерлер немесе менеджерлер өзара бақталасады. Нарық заңы солай ғой. Содан да болар, АҚШ медицинасы – әлемде алтын стандарт саналады. Онда технология да, ғылым да, басқасы да қарыштап кеткен. Мамандары да мықты даярланған. Олардың жұмыс барысы да бізге қарағанда басқаша. Жалақылары өте жоғары – жылына 300-400 мың доллар. Соған сай пациент ағыны өте жоғары. Мәселен, бір дәрігер бір күнде жобамен 30 пациент қабылдайды. Әрқайсысына жарты сағат, бір сағаттан уақыт бөлу керек. Сондықтан да ондағы дәрігерлер жұмыс уақытынан тыс қалып та, келушілерді қабылдайды. Түскі үзіліске шықпайтын да кездері көп. Себебі 1-2 ай бұрын кезек алып, арнайы келген адамдардың бәрін қабылдау қажет. Ал медицинада қай пациентке қанша уақыт қажет екенін нақты болжау мүмкін емес. Кейде келген адамның жағдайына қарай ол ұзақ отырып қалуы да мүмкін ғой. Тағы біреулер, керісінше, тез-ақ қаралады. Сондықтан дәрігерге төленетін жалақымен қоса, жүктеме де көп. Оған қоса, қағазбастылық бар. Бюрократия тек Қазақстанда ғана мәселе десеңіз қателесесіз. Бәлкім, медицина өзі сондай сала шығар, әйтеуір құжаттардан құтылмайсың. Бір ерекшелігі, АҚШ-та мұндай шаруалармен дәрігер емес, оның көмекшісі айналысады. Ең қызығы да осы, мұнда дәл осындай арнайы мамандық пен штат бірліктері бар. Дәрігер көмекшісінің немесе ассистентінің білімі медбикеден жоғары, дәрігерден төмен болады. Бұл өте ұтымды қадам дер едім. Мәселен, Қазақстанда бір медбикенің жауапкершілігіне өте көп шаруа кіреді. Ал мұнда әр ұсақ-түйек жұмысқа дейін өз маманы орындайды. Мұны «узкий спецализация» деп те жатады. Қазақша «шымшық сойса да қасапшы сойсын». Яғни әркім өз тірлігін істейді. Негізінен, жалпы процестің, саланың сапалы болуына да осы нәрсе әсер етеді.

Мұнда медициналық жүйе, дәрігерлермен қоса пациенттер де өзгеше. Қазақтар «ауру әбден өтіп кеткенде келеді» деп айтып жатады ғой, сол рас. Болмашы симптомдар мен жайсыздықтарға мән бермей жүре беріп, артынан ауру асқынғанда барып дәрігерге жүгіреміз. Бұл жақта болса, денсаулыққа мән беру өте жоғары деңгейде. Тіпті тұрғындар еш жері ауырмаса да 3-4 ай сайын толық тексерістен өтіп тұрады. Ол өмір салтына айналған десек те артық емес. Осы арада дәрігерлер мен пациенттердің арақатынасы да ерекше екенін айтқым келеді. Мамандар келушілерге бәрін деталды түрде түсіндіреді. Пациенттің әр анализіне, әр цифрға тоқталып, талдап береді. Соның арқасында халықтың медицина туралы түсінігі қалыптасқан. Дәрігерлерге сенім жақсы деңгейде...

МӘМС әлі жетілмеген жүйе

Медициналық инженерия туралы да айтып өткен дұрыс шығар. Бәрімізге белгілі, елімізде медициналық аппараттар мен техникалар өндірілмейді. Көпшілігін шетелден алдырып, таңғалып жүреміз. Сол біз қолжетпестей көретін аппараттар Америка үшін қалыпты құралдарға айналып кеткелі қашан. Бұл маман үшін де, пациент үшін де, медицинаның сапасы үшін де айтулы рөл ойнайды. Бұдан бөлек, цифрландыру деген нәрсе де өзекті. Қазір Қазақстанда ортақ база, цифрлы тіркеу мен кезек сынды басқа да қызметтер дамып келеді. Мұнда да қағаз құжатпен қатар цифрлы базаны қолданады.

Медицинаны ұйымдастыру, жүйелеу деген қоғамдық денсаулық сақтау ісінде салмақты ұғым. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгелі бірнеше жыл болды. Әлі де осы МӘМС жүйесі жұмыс істеп жатыр. Бұл жаңалық бастама немесе концепция ретінде өте мықты. Бірақ қазіргі жағдай мәз емес екені жиі айтылып жүр. Оны көріп те келеміз. Адамдар кезекте тұрып шаршайды. Ал дәрігерлер артық жүктемеден шаршайды. Сондықтан мәселе ауру мен ауруханада емес, жүйелік қателіктерде дер едім. Көп өзгеріс жасалуы қажет... «Көш жүре түзеледі» дейді. Уақыт өте келе ол да оңалар.

Ал АҚШ-та сақтандыру компанияларымен жұмыс жақсы дамыған. Клиникаларға да кіріс тікелей сақтандыру компаниялары арқылы келеді. Бұл орайда, медицинаның ақылы болғаны да жақсы секілді. Өйткені тегін болған сайын дәрігерлерге де, медицинаға да құрмет азаяды. Алайда мамандар сол жүйеге сай, мықты болғаны дұрыс. Сондықтан елде алдымен кадр әзірлеу мәселесіне көп көңіл бөлген жөн. Білім беру бағдарламаларын, олардың жылдық бірліктерін, мазмұнын жетілдіріп, тәжіриені көбейтсе керемет болар еді.

Жазып алған

Балауса Ділдәбек