Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:50

АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтар елге қайту үшін 1 мың доллардан алатын болады

АҚШ
Фото: ашық дереккөз

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров АҚШ-тан қазақстандықтарды депортациялау мәселесі бойынша жағдайды түсіндірді.

Қуантыровтың сөзінше, қазақстандықтар шетелде заңсыз жүрсе бұл олардың жауапкершілігі.

- Тиісті ақпарат берілді, ол екі тарапта да жарияланды. АҚШ тарапы елде еркін жүруге қатысты өзгеріс жасады. Өз еркімен кететіндердің жолын төлейді. Жаңа бағдарлама бойынша мың доллар көлемінде өтемақы береді. Ал санға қарасақ, жақында 19 азамат өз еркімен келді. Бұл өте аз. Басқа елдерге қарағанда аз. Себебі біздің азаматтар ол аймақта заңды түрде жүр. Консулдық есепте 3,7 мың азамат есепте тұр, - дейді Қуантыров.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі бұған дейін елде заңсыз жүрген азаматтарға үндеу жасағанын еске саламыз. Елшілік хабарлауынша, АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі заңсыз жүрген тұлғаларға өз еркімен елдеріне оралуға мүмкіндік беретін жаңа бағдарламаны іске қосқанына назар аударған.

Бұл бағдарлама аясында өз еркімен елдеріне оралғысы келгендерге қайту билеті толықтай төленіп, елге жеткеннен кейін 1000 АҚШ доллар көлемінде қаржы беріледі.

Қатысу үшін азаматтар CBP Home мобильді қосымшасы арқылы өтініш беруі қажет.

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм бұл бағдарлама туралы пікір білдіріп, оның мақсатымен таныстырды. Оның айтуынша, бұл бастама заңсыз тұрып жатқан азаматтарға өз елдеріне қайту үшін қауіпсіз әрі қолайлы жол ұсынады, сонымен қатар АҚШ-тың ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Тегтер: