АҚШ-тағы Ливан мен Израиль елшілері телефон арқылы сөйлесті
Израиль мен Ливан өкілдерінің бейбіт келіссөздерді бастауға дайындық жөніндегі кездесуі 14 сәуірге жоспарланған. Екі елдің АҚШ-тағы елшілері алғаш рет тікелей телефон арқылы байланысқа шықты.
Ливан мен Израиль өкілдері арасында АҚШ-тың делдалдығымен өтетін келіссөздер қарсаңында тікелей байланыс орнады. Тараптар негізгі келіссөздердің басталу күнін келісуге арналған алғашқы кездесуді 14 сәуір, сейсенбі күні АҚШ Мемлекеттік департаменті ғимаратында өткізуге келіскен.
Бұған дейін Биньямин Нетаньяху Ливанмен «Хезболла» қозғалысын қарусыздандыру және екі ел арасындағы бейбіт қатынастарды орнату мәселесі бойынша тікелей келіссөздерді «мүмкіндігінше тезірек» бастауға тапсырма берген болатын. Оның айтуынша, «Израиль Ливан премьер-министрінің Бейрутты демилитаризациялау туралы үндеуін жоғары бағалайды».
8 сәуір күні Дональд Трамп Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, одан Ливанға жасалатын соққылар санын азайтуды сұраған. Бұл қадам Иранмен жүргізіліп жатқан келіссөздердің бұзылмауы үшін жасалған.
Айта кетейік, АҚШ пен Израиль 28 ақпаннан бастап Иранға әуе соққыларын жасады. Соның салдарынан Әли Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар мен күштік құрылым өкілдері қаза тапты. Өз кезегінде Тегеран жауап ретінде Парсы шығанағы аймағындағы көршілес елдерге зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасаған.
8 сәуірге қараған түні АҚШ пен Иран екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келген. Сонымен қатар, екі тарап та бұл соғыста жеңіске жеткенін мәлімдеген.