АҚШ-тың 500 млн долларлық барлау ұшағы Саудияда шабуылға ұшырады
Сауд Арабиясындағы АҚШ авиабазасына жасалған Иран шабуылы кезінде Американың алыс қашықтықтан радиолокациялық бақылау ұшағы — Boeing E-3 Sentry ауыр зақымданған болуы мүмкін.
Бұл туралы BBC-де жариялаған мәліметтерде айтылды.
Әлеуметтік желілерде тараған және Иранның мемлекеттік телерадиокомпаниясы IRIB жариялаған суреттерді халықаралық ақпарат құралдары растаған. Кадрларға қарағанда, ұшақ екіге бөлініп кеткен.
Сарапшылардың пікірінше, егер бұл ұшақ шынымен жойылған болса, бұл АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери әлеуетіне елеулі соққы болмақ. Boeing E-3 Sentry секілді «ұшатын радар» жүздеген шақырым қашықтықта ұшақтарды, зымырандар мен дрондарды анықтай алады және әуе операцияларын үйлестіруде маңызды рөл атқарады. Мұндай ұшақтың құны шамамен 400–500 миллион долларды құрайды. Бұған дейін E-3 Sentry ұшақтарының ешқайсысы соғыс жағдайында жойылмаған.
Қазіргі таңда АҚШ Әскери-әуе күштері құрамында осындай 16 ұшақ бар, олардың алтауы Парсы шығанағы аймағында орналасқан.
Шабуыл салдары
28 наурыз күні Сауд Арабиясының Әл-Харж қаласы маңындағы Шахзада Сұлтан авиабазасы ракеталар мен дрондар арқылы соққыға ұшыраған.
Шабуыл салдарынан 12 америкалық әскери жараланып, олардың екеуі ауыр халде екені хабарланды. Сонымен қатар кемінде екі Boeing KC-135 жанармай құю ұшағы да айтарлықтай зақымданған.
Владимир Зеленский 28 наурыз күні NBC телеарнасына берген сұхбатында бұл шабуылды жоспарлау үшін Ресей Иранға спутниктік деректер бергенін мәлімдеді.
Аймақтағы шиеленістің күшеюі
Ақпанның 28-інен бастап АҚШ пен Израиль Иран аумағына әуе соққыларын жасауда. Бұл шабуылдар нәтижесінде Иранның жоғарғы басшылығы өкілдері, соның ішінде елдің рухани жетекшісі Али Хаменеи қаза тапқаны хабарланған.
Сондай-ақ Иранның Натанздағы ядролық нысанына соққы берілген. Алайда МАГАТЭ радиация деңгейінің артпағанын мәлімдеді.
Өз кезегінде Иран жауап ретінде Израиль мен Парсы шығанағы елдеріне зымырандар мен дрондар арқылы соққы жасауда. Тегеран мәліметінше, бұл шабуылдардың негізгі нысанасы — аймақтағы АҚШ әскери базалары.
Иран шабуылдарының салдарынан Парсы шығанағындағы бірқатар елдерде мұнай қоймалары мен танкерлерге зақым келген.