Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:16

АҚШ-тың авианосеці Таяу Шығысқа жетті

USS Abraham Lincoln
Фото: Reuters

АҚШ Әскери-теңіз күштерінің USS Abraham Lincoln атомдық авианосеці бастаған соққы беруші тобы Таяу Шығыс аймағына жетті.

Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы – CENTCOM ресми мәлімдеді.

CENTCOM-ның X әлеуметтік желісіндегі хабарламасында авианосеці бар соққы тобының аймақта бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында орналастырылғаны айтылған. Кейінірек жарияланған жаңартылған мәліметке сәйкес, USS Abraham Lincoln Оман жағалауына жақындаған.

Әскери қолбасшылық дерегінше, бұл қадам Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығу қаупіне байланысты қабылданған. Өткен сенбі күні CENTCOM басшысы, вице-адмирал Брэд Купер алдын ала хабарланбаған сапармен Израильге барып, ел басшылығымен келіссөздер жүргізген. Ал дүйсенбі күні АҚШ Әуе күштері аймақта жауынгерлік авиацияны жедел түрде қайта орналастыру операцияларын пысықтағаны белгілі болды.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сілтеме жасап, АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қатысты әскери күш қолдану мүмкіндігін толық жоққа шығармағанын хабарлаған еді. Басылым мәліметінше, Ақ үй аймақтағы қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлерді жіті бақылап отыр.

Сарапшылардың бағалауынша, USS Abraham Lincoln авианосец тобының Таяу Шығысқа келуі – АҚШ-тың аймақтағы одақтастарына қолдау көрсетуімен қатар, ықтимал қақтығыстардың алдын алуға бағытталған саяси-әскери ескерту сипатындағы қадам. Бұл жағдай Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың әлі де тұрақсыз екенін аңғартады.

Айта кетейік, бұған дейін Ирандағы ереуілден қаза тапқандар саны 30 мың болуы мүмкін екені туралы хабар тарады.