Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:34

АҚШ-тың Донецк облысын демилитаризациялау туралы ұсынысына Украина келіспейді

Украина
Фото: БАҚ

АҚШ өкілдері бейбіт келіссөз нұсқаларын талқылау кезінде Киевке Донецк облысынан украин әскерін шығарып, оның орнына аумақты «демилитаризацияланған аймақ» не «еркін экономикалық аймақ» ретінде белгілеуді ұсынған. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Вашингтон бұл ұсынысты «ымыра» деп санайды, алайда Киев бұған үзілді-кесілді қарсы.

Зеленский Донецк облысы мен Ресей бақылауындағы Запорожье АЭС-і мәселесі келіссөздердегі ең күрделі тақырыптардың бірі екенін айтты. Оның сөзінше, Ресей «тұтас Донбасты» бақылауда ұстап қалуды көздейді, ал АҚШ Украина келісетін формат табуға тырысуда, бірақ Киев әскерді бұл аймақтардан шығаруға дайын емес.

Украина майдан сызығындағы әскерін сақтауды талап етеді, тек Ресей өз күштерін белгілі қашықтыққа әкетсе, сол пропорцияда ғана шегінуге келісуі мүмкін. Қазіргі жоспар Ресей әскерін Харьков, Сумы және Днепропетровск облыстарындағы басып алған жерлерден шығаруды көздейді, бірақ Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон оған кірмейді.

Зеленский Запорожье АЭС-ін екі ел бірлесіп басқара алады деген АҚШ ұсынысын да жоққа шығармады, бірақ ол тек Ресей әскері станция маңынан кеткенде мүмкін екенін айтты.

Президенттің сөзінше, аумақтық мәселелер бойынша түпкілікті шешімді Украина халқы референдум немесе сайлау форматында қабылдауы тиіс. Киев атысты тоқтату үшін кей аумақтың Ресей бақылауында қалуын уақытша қабылдауы мүмкін, бірақ заң жүзінде оны мойындамайды.

Бейсенбі күні өткен Украина–АҚШ кездесуінде қауіпсіздік кепілдіктері талқыланды. Оған АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Пентагон басшысы Пит Хегсет және НАТО бас хатшысы Марк Рютте қатысқан.

Axios мәліметінше, 13 желтоқсанда Парижде АҚШ, Украина, Франция, Германия және Ұлыбритания өкілдері Вашингтонның бейбітшілік жоспарын талқылайды. Ал Ақ үй әзірге АҚШ делегациясының қатысатынын нақтылаған жоқ. Баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитттің айтуынша, президент Трамп «нәтижесіз кездесуге барғысы келмейді» және екі тараптың да келісімге келе алмауына көңілі қалған.

Тегтер: