Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі 28 тармақтан тұратын құжаты несімен даулы?

Путин
Фото: ЖИ

Кейінгі күндері ең қызу талқыланған тақырып – АҚШ әзірледі делінген «Украинадағы соғысты тоқтатудың бейбіт жоспары». Вашингтон ресми сайтында жария құжат ұсынған жоқ, сондықтан әзірге АҚШ басылымдары «сенімді дереккөздерге» сүйеніп жариялаған нұсқамен танысуға мәжбүрміз.

Бұл құжатты Дональд Трамптың өзі отырып жазды деуге ешқандай негіз жоқ. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да бұл жоспардың бар екенін тек БАҚ жариялағаннан кейін білгенін айтқан.

Енді құжаттағы 28 тармақтың әрқайсысын жеке қарастырайық:

1. Украина суверенитеті расталады.

Бұл тұстан-ақ сұрақ туады: жерінің бес облысын аннексиялаған, Донбастың едәуір бөлігін басып алған Ресей қандай жолмен Украина суверенитетін мойындаған болып шығады?

2. Ресей, Украина және Еуропа арасында «бір-біріне шабуыл жасамау» туралы келісім жасалады.

3. Ресей көрші елдерге басып кірмеуі керек.

НАТО әрі қарай кеңеймейді.

4. Ресей мен НАТО арасында АҚШ-тың делдалдығымен тұрақты диалог орнатылады.

5. Украинаға сенімді қауіпсіздік кепілдігі беріледі.

6. Украина Қарулы күштері 600 мың адамға дейін қысқартылады.

Бірақ бұл тармақ ештеңені өзгертпейді: Украина армиясы қазірдің өзінде 800 мыңға жақын. Келісім жасалса да, Киев қосымша күштерді «территориялық қорғаныс» деп бөлек тіркеп қоя алады.

7. Украина Конституциясына НАТО-ға мүше болмайтыны туралы бап енгізеді.

НАТО өз жарғысына «Украинаны алянсқа қабылдауға болмайды» деген ереже енгізеді.

 НАТО кез келген жағдайда аумағында даулы аймағы бар елді қабылдай алмайды. Сондықтан бұл тармақ техникалық тұрғыда жаңа ештеңе шешпейді.

8. НАТО Украинаға әскер кіргізбейді.

Бастапқыдан-ақ Украинада НАТО әскері болған жоқ.

9. Еуропа елдері өз жойғыш ұшақтарын Польша аумағына орналастырады.

Бұл тармақ та түсініксіз, өйткені Еуропа елдерінің онсыз да Польшаға ұшақ орналастыруға құқығы бар.

10. АҚШ мына кепілдіктерді береді:

• Қауіпсіздік кепілдігі үшін Вашингтон өтемақы алады.

• Егер Украина Ресейге басып кірсе – кепілдік жойылады.

• Егер Ресей Украинаға басып кірсе – қатаң әскери жауап беріледі, барлық санкциялар қайта енгізіледі, келісім күшін жояды.

• Украина еш себепсіз Мәскеуге немесе Санкт-Петербургке зымыран атса – кепілдік тоқтатылады.

Неге тек Мәскеу мен Санкт-Петербург? Ростов, Белгород, Курск, Краснодар неге саналмайды – белгісіз.

11. Украина Еуропалық одаққа кіру құқығына ие болады.

12. Украинаны қалпына келтіру бойынша жаһандық бағдарлама іске қосылады.

13. Ресей әлемдік экономикаға қайта кіреді.

Санкциялар кезең-кезеңімен алынады, G8 құрамына шақырылады.

14. Ресейдің бұғатталған активтері былай бөлінеді:

• 100 млрд доллар – Украинаны қалпына келтіруге жұмсалады (АҚШ бақылауында).

• Қайта қалыпқа келтіру жобаларынан түсетін пайданы АҚШ-тың өзі екіге бөліп алады. Еуропа да 100 млрд доллар бөледі.

• Еуропада бұғатталған ресейлік басқа қаражаттар АҚШ-Ресей инвестициялық қорлары арқылы пайдаланылады.

15. АҚШ-Ресей қауіпсіздік жөніндегі бірлескен жұмыс тобы құрылады.

16. Ресей өз заңнамасына «Еуропа мен Украинаға шабуыл жасамау» нормасын енгізеді.

17. АҚШ пен Ресей ядролық қаруды таратпау туралы келісімді ұзартуға келіседі.

18. Украина ядросыз мемлекет мәртебесін растайды.

Айтпақшы, Украинада онсыз да ядролық қару жоқ. 1994 жылы Ресейдің шабуыл жасамауы туралы кепілдікпен тапсырылған.

19. Запорожье АЭС-і МАГАТЭ бақылауына беріледі, өндірілген энергия екі елге тең бөлінеді.

20. Екі мемлекет мектеп оқулықтарына толеранттылық, діни төзімділік және аз ұлттардың тілдерін қорғау қағидаларын енгізеді.

Ұлтшылдық идеяларына тыйым салынады.
Украина мен Ресей БАҚ-тарын кемсітуге болмайды.

21. Территория мәселесі:

• Қырым, Луганск және Донецк де-факто Ресей территориясы болып танылады;

• Херсон мен Запорожье бойынша «фронт тоқтатылады», яғни, қазіргі шеп екіге бөлінеді;

• Ресей аннексияланған бес облыстан басқа жерлерге талап қоймайды;

• Украина армиясы Донецк облысындағы бақылауындағы территориядан шығады – бұл демилитаризация аймағы болады. Ол халықаралық деңгейде Ресей территориясы деп танылады, бірақ ресейлік әскер кіре алмайды.

23. Ресей Украинаның Днепр өзенін коммерциялық мақсатта қолдануына кедергі жасамайды.

Астық Қара теңізге еш кедергісіз жеткізіледі.

24. Шешілмеген мәселелерді шешу үшін гуманитарлық топ құрылады.

Барлық тұтқындар алмастырылады, балалар қайтарылады.

25. Украинада 100 күн ішінде сайлау өткізіледі.

26. Екі тарап соғыс кезінде жасаған әрекеттері үшін амнистия алады.

27. Келісім заңды міндетті күші бар құжатқа айналады.

Орындауды «Трамп басқаратын Бейбіт кеңес» бақылап отырады.

28. Барлық тараптар меморандумды ратификациялаған сәтте атысты тоқтату режимі күшіне енеді.

Әскерлер келісілген шептерге шегінеді.

Бұл жоспардың басты мәселесі оның орындалу мүмкіндігі.

Құжат авторлары ретінде Кирилл Дмитриев пен Стивен Уиткофф аталып жүр. Америкалық дипломаттар бұл жобаны “бейбіт жоспар” емес, “Ресейдің талап-тілектер тізімі” деп бағалағаны айтылады.

Вашингтонда бұл құжатты неге сонша тез қабылдатуға тырысып жатқаны түсініксіз. Ал ең негізгі сұрақ – Путин бұған келісе ме?