АҚШ-тың Украинаға Tomahawk зымырандарын беруі екіталай

АҚШ әкімшілігінің Украинаға алыс қашықтыққа ұшатын Tomahawk қанатты зымырандарын жеткізу жоспары жүзеге аспауы мүмкін.
Бұл туралы Reuters агенттігі америкалық шенеунікке және жағдаймен таныс бірнеше дереккөзге сілтеме жасап хабарлаған.
Reuters-тің мәліметінше, қолда бар Tomahawk қоры негізінен АҚШ Әскери-теңіз күштерінің және басқа да ұлттық қорғаныс мақсаттарының қажеттіліктеріне бөлінген. Сондықтан Вашингтон Киевке бұл қаруды беру қадамынан бас тартуы ықтимал.
Сарапшылар да 2500 шақырымға дейін жететін алыс қашықтықтағы зымырандарды Украинаға жеткізу тиімді ме деген сұрақ туындайтынын айтады. Америкалық ресми өкілдің сөзінше, жерүсті нысандарға шабуыл жасауға арналған қарудың басқа түрлері жеткілікті. Егер АҚШ қолдау көрсетсе, әңгіме Tomahawk емес, қысқа қашықтықтағы өзге зымырандар туралы болуы мүмкін.
АҚШ-тың ұстанымына сәйкес, Вашингтон еуропалық одақтастарына өзге алыс қашықтықтағы қаруларды сатып алып, Украинаға жеткізуге рұқсат ету жолын қарастыруы мүмкін. Бірақ дәл Tomahawk-тің жеткізілу ықтималдығы аз.
Кейінгі пталарда АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинадағы соғысқа қатысты мәлімдемелері өзгерген. Ол Киевтің Ресей басып алған аумақтарды толық қайтара алатынын айтып, Ресейді «қағаз жолбарысқа» теңеді.
Қыркүйектің соңында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Вашингтонның Киевтің Tomahawk зымырандарына қатысты ресми өтінішін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын.
The Telegraph басылымының хабарлауынша, Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Нью-Йоркте Дональд Трамппен жабық кездесуде АҚШ-тан Tomahawk сұраған. Ол бұл зымырандар Ресей президенті Владимир Путинді бейбіт келіссөздерге мәжбүрлеуге көмектесетінін айтқан.
Ал The Wall Street Journal газеті 1 қазанда АҚШ Украинаға Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасауға арналған барлау деректерін беруге келіскенін жазды. Бұл қадам Трамп әкімшілігінің Украинаға алыс қашықтықтағы қару-жарақ беру мүмкіндігін қарастыруымен байланысты екені көрсетілген.
Tomahawk зымыраны модификациясына қарай 5500 шақырымға дейін ұша алады.
ATACMS зымырандары (АҚШ 2024 жылы Украинаға берген) небәрі 300 шақырымға дейінгі қашықтықты қамтиды.