АҚШ Украина қарызының бір бөлігін кешірмек
АҚШ президенті Джо Байден Украинаның 4,6 млрд доллар қарызын кешірмек.
Бұл биыл көктемде Конгрестің Украинаға бөлген 60 млрд долларлық көмек пакеті аясында берілген 9 млрд долларлық қарыздың жартысы.
Қарызды кешіру "Украинаға жеңіске жетуге көмектеседі, АҚШ пен оның Еуроодақ, "Үлкен жетілік" және НАТО-дағы серіктестерінің мүддесіне сәйкес" делінген мемлекеттік департаменттің 18 қарашада Конгреске жазған хатында.
Сәуір айында бұл несие заң шығарушы республикашылдардың бастамасы бойынша берілген. Украинаға көмекті қарыз түрінде беру идеясын Дональд Трамп айтқан. Қарызды кешіру мүмкіндігі Конгресс шешімінде қарастырылған.
Bloomberg-тің жазуынша, президент Байденнің шешімі - АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп қызметіне кіріскенге дейін Киевті қолдауға бағытталған соңғы қадамның бірі.
Сәрсенбі күні Украинаға 275 млн доллар көлемінде жаңа әскери көмек пакеті бөлінгені де хабарланды. Бұл пакет аясында Украинаға жаяу әскерді жоятын мина берілмек.