Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:00

АҚШ Украинадан Донбассты беруді талап етіп отыр

Украина
Фото: REUTERS

Берлинде 15 желтоқсан, дүйсенбі күні өткен келіссөздер барысында АҚШ Ресеймен бейбіт келісімге келудің шарты ретінде Украинаның бүкіл Донбасс аумағын Ресейге беруді тағы да күн тәртібіне шығарды.

Бұл туралы AFP агенттігі Германия астанасындағы консультациялар барысынан хабардар дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік дереккөзіне сүйенсек, Ресей президенті Владимир Путин «аумақты алғысы келеді», ал Вашингтон Киевтен кері шегінуді талап етіп отыр. Алайда Украина өз бақылауында қалып отырған Донецк және Луганск облыстарының аумақтарынан әскерін шығарудан бас тартқан.

Донбасс үшін ультиматум

АҚШ-тағы Соғысты зерттеу институтының (ISW) мәліметінше, қазіргі уақытта Ресей Луганск облысының дерлік толық аумағын және Донецк облысының шамамен 80 пайызын бақылауда ұстап отыр.

РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков 12 желтоқсанда Донбасс «ерте ме, кеш пе» Ресей бақылауына өтетінін мәлімдеп, бұл «егер келіссөз арқылы болмаса, әскери жолмен жүзеге асады» деген еді.

Ал Владимир Путин желтоқсан айының басында India Today телеарнасына берген сұхбатында өзін «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасы» деп жариялаған құрылымдар «кез келген жағдайда азат етіледі» деп қоқан-лоққы жасаған.

Зеленскийдің ұстанымы: аумақ – референдум мәселесі

Украина президенті Владимир Зеленский мемлекет басшысы ретінде ел аумағына қатысты біржақты шешім қабылдауға құқығы жоқ екенін, мұндай мәселе тек референдум арқылы шешілуі тиіс екенін атап өтті.

Киев халықаралық социология институтының биылғы қыркүйек соңы – қазан басында жүргізген сауалнамасына сәйкес, украин азаматтарының 71 пайызы Донбассты беруге қарсы.

Берлиндегі келіссөздер мен дипломатиялық кездесу

15 желтоқсанда Берлинде Украина мен АҚШ делегациялары арасында Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату жоспары бойынша екінші раунд келіссөздер аяқталды. Кездесуге Владимир Зеленский, сондай-ақ АҚШ президентінің арнайы өкілдері Стивен Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысты.

Кешке Украина президентін Германия канцлері Фридрих Мерц қабылдады. Кездесу қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Зеленский Киев пен Вашингтонның аумақ мәселесінде әзірге ортақ ұстанымға келе алмағанын айтты.

«Америка өз талаптарын алға тартқаннан гөрі, көбіне Ресейдің талаптарын жеткізіп отыр», – деді Украина президенті.

Кейінірек Зеленскийдің бірқатар еуропалық көшбасшылармен, соның ішінде Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Франция президенті Эммануэл Макронмен келіссөздер жүргізуі жоспарланған.