Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:41

АҚШ Украинадан Донбастан бас тартуды талап етіп жатыр

Украина
Фото: БАҚ

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Украинаға жаңа талаптар қойып отыр: Киев Донбасты Ресейге беруге, сондай-ақ Запорожье мен Херсон облыстарындағы майдан шебін  сол күйі қалдыруы тиіс.

 Оның орнына Украина АҚШ пен Еуропадан қауіпсіздік кепілдіктерін ала алады. Бұл туралы 19 қарашада Reuters, Axios және өзге де батыс басылымдары хабарлады.

28 тармақтан тұратын жоспар ұсынылған

Reuters дереккөздерінің айтуынша, Ақ үй президент Владимир Зеленскийге Вашингтон әзірлеген 28 тармақтан тұратын құжатты қабылдау қажеттігін ашық жеткізген.

Трамп әкімшілігінің бейбітшілік жоспары төрт бағыттан тұрады:

  1. Украинадағы соғысты тоқтату,
  2. Киевке қауіпсіздік кепілдіктері,
  3. Еуропадағы қауіпсіздік архитектурасы,
  4. АҚШ-тың Ресей және Украинамен болашақ қарым-қатынастары.

Донбасты Ресейге беру талабы

Axios мәліметінше, жоспардың негізгі бөліктерінің бірі – Донбасты Ресейге беру. Украина қазіргі уақытта бұл аймақтың шамамен 14,5 пайызын ғана бақылауда ұстап отыр. Ақ үйдің ішіндегі пікір бойынша, егер соғыс жалғаса берсе, Киев бұл аумақтарды бәрібір жоғалтады. Сондықтан «Украинаның мүддесі үшін» келісімді дәл қазір бекіткен тиімді деп есептейді.

Херсон мен Запорожье бағытында фронтты тоқтату

Жоспарда Херсон және Запорожье облыстарында әскери қақтығыстарды тоқтатып, майдан шебін қазіргі қалпында бекіту ұсынылған.

Украина армиясын екі есе қысқарту

Financial Times жазғандай, Трамп жоспары Украина Қарулы Күштерінің санын екі есе азайтуды да талап етеді. Бұған қоса, Киевке Ресей аумағына соққы бере алатын алыс қашықтықтағы қаруларды қолдануға шектеу қойылмақ.

АҚШ пен Ресей арасындағы жасырын келіссөздер

19 қарашада Axios тағы бір маңызды ақпарат жариялады: АҚШ Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған жаңа жоспар бойынша Ресеймен құпия келіссөздер жүргізіп жатыр. Құжатпен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф айналысуда, ал жоспардың мән-мазмұны Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен талқыланып жатыр.