Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:15

АҚШ Украинадан Донбастың толық Ресейге беруін қалайды — Politico

АҚШ-Украина туы
Фото: Getty Images

 Politico басылымы жариялаған мәліметке қарағанда, АҚШ Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздерде Киев Донбасс аймағынан толығымен бас тартуы мүмкін деген нұсқаны қарастырып жатыр.

Бұл туралы аты-жөні жария етілмеген жоғары лауазымды еуропалық шенеунік айтқан.

Оның сөзінше, келіссөздердің тұйыққа тірелуіне басты себеп – Украинаны Донбасты Кремльге беруге қалай көндіру мәселесі.

«Ресей Украинаны аумақтардан бас тартуға мәжбүр етуді талап етеді. Ал АҚШ бұған қол жеткізудің жолдарын іздеп отыр. Америкалықтар Украина Донбасты қандай да бір жолмен тастап кетуі керек деген пікірде», - дейді шенеунік.

Киевтің ұстанымы өзгермейді

Украина президенті Владимир Зеленский сол күні жасаған мәлімдемесінде:

«Украинаның Ресейдің пайдасына өз аумақтарынан бас тартуға не заңдық, не моральдық құқығы жоқ»,- деп кесіп айтты.

Киевтің ресми позициясы – кез келген келісім қазіргі майдан шебінде атысты тоқтату форматында болуы тиіс.

Ресейдің бақылауындағы аумақтар

Reuters агенттігіне сүйенсек, Ресей қазір Украина территориясының 19,2 пайызын бақылап отыр. Оған мыналар кіреді:

  • Қырым түбегі;
  • Луганск облысының толық аумағы;
  • Донецк облысының 80%-дан астамы;
  • Херсон мен Запорожье облыстарының шамамен 75%-ы;
  • сондай-ақ Харьков, Сумы, Николаев және Днепропетровск облыстарының кейбір аумақтары.

АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге берген жауабында Зеленскийдің «Вашингтон әзірлеген соңғы бейбіт ұсынысты әлі оқымағанына» таңданғанын айтты.

Трамп бұл жоспарға Ресей келіседі деп санайтынын, бірақ «Мәскеу мүмкін болса, бүкіл Украинаны алғысы келер еді» дейді.

Вашингтон қандай рөлде қалмақ?

Еуропалық шенеунік Politico-ға берген сұхбатында қазіргі жағдайдың ең маңызды тұсы АҚШ-тың ұстанатын рөлі екенін атап өтті:

«Бүгінде басты сұрақ – АҚШ өзін делдал ретінде көрсете ме, әлде Ресейге одақтас тарапқа айнала ма?».

Киев әзірге Вашингтонның қандай қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екенін күтумен отыр.

Тегтер: