АҚШ Украинаға қатысты БҰҰ қарарының жобасын ұсынды

АҚШ Украинадағы соғыстың үш жылдығына орай БҰҰ қарарының жобасын ұсынды.
АҚШ Ресейдің Украинаға басып кіруінің үш жылдығына орай БҰҰ қарарының жобасын ұсынды. Бұл туралы құжатты жұма, 21 ақпанда қарап шыққан Reuters агенттігі хабарлады. Вашингтонның үш тармақтан тұратын қысқаша қарар жобасында «Ресей-Украина қақтығысында» адам өліміне өкініш білдіріліп, «Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі мақсаты халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау және дауларды бейбіт жолмен шешу» делінген. Вашингтон ұсынып отырған қарар сондай-ақ «қақтығысты тез арада тоқтатуды» және кейіннен «Украина мен Ресей арасында берік бейбітшілікті» орнатуды талап етеді.
Франс Пресс дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап атап өткендей, АҚШ ұсынған жобада Ресей оккупациялаған Украина территориясы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Вашингтон ұсынған және қолдаған бұрынғы қарарлардан айырмашылығы, соңғы жоба Мәскеуді сынамайды немесе оны соғысты бастаушы деп атамайды.
Ресей АҚШ-тың қарар жобасын құптайды, бірақ түзету енгізуді ұсынады
Ресей құжатқа "соның ішінде оның түпкі себептерін жою арқылы" деген және "жанжалды тез арада тоқтатуға шақырады" деген сөзді қосу арқылы түзетуді ұсынды, деп хабарлайды Reuters. Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя америкалық жобаны «жақсы қадам» деп атады.
Аты-жөнін атамауды өтінген ресейлік дипломат Reuters агенттігіне егер бұл түзетуді БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаса, Мәскеу АҚШ қарарына дауыс беретінін айтты. Небензия АҚШ шенеуніктерінің жоба Бас Ассамблеяның 193 мүшесіне таратылмас бұрын хабардар еткенін мәлімдеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 24 ақпанда Украина мен Еуроодақ дайындаған шиеленісті бәсеңдету, соғыс қимылдарын дереу тоқтату және БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқыққа сәйкес бейбіт шешім қабылдауды талап ететін қарар жобасына дауыс беруі тиіс. Бұған дейін Еуропалық Одақтың БҰҰ-дағы тұрақты өкілдері АҚШ ұсынысын талқылайды деп болжанған.