АҚШ Украинаға «Tomahawk» ракеталарын жеткізу мәселесін қарастырып жатыр

АҚШ вице-президенті Джеймс Дэвид Вэнстің айтуынша, Украинаға ұзақ қашықтыққа ұшатын «Tomahawk» қанатты ракеталарын беру мәселесі талқыланып жатыр.
Бұл туралы ол 28 қыркүйекте Fox News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Вэнстің сөзінше, келісімнің қабылдануы немесе қабылданбауы АҚШ президенті Дональд Трамптың шешіміне байланысты.
«Біз, әрине, еуропалық тараптардан түскен бірқатар өтініштерді қарастырып жатырмыз», – деді вице-президент.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тан алдымен Tomahawk ракеталарын Еуропа елдеріне сатуын, кейін оларды Украинаға беруін сұраған болатын.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Tomahawk ракеталары 2500 шақырымға дейінгі қашықтықты бағындыра алады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай қарудың Украинаға жеткізілуі Ресей тарапынан қақтығыстың ушығуы ретінде қабылдануы ықтимал.
Айта кетейік, Дональд Трамп бұған дейін де Киевтің ұзақ қашықтықтағы зымырандар жөніндегі бірнеше өтінішін кері қайтарған еді.