АҚШ ұлттық барлау басшысы: Иранның жоғарғы көшбасшысы ауыр жараланған
АҚШ-тың ұлттық барлау қызметінің басшысы Тулси Габбард бейсенбі күні Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи Израильдің әуе соққыларының бірінде ауыр жарақат алғанын мәлімдеді.
"Ол израильдік бомбалаулардың бірінде өте ауыр жараланды, - деді Габбард АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының барлау комитетіндегі тыңдауда.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Иран басшылығында нақты шешімдерді кім қабылдап отырғаны белгісіз.
Бұған дейін Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында Моджтаба Хаменеи жеңіл жарақат алғанын және жағдайы жақсы екенін айтқан.
Сондай-ақ, Иран СІМ өкілі Эсмаил Багаи аятолланың жараланғанын растағанымен, жарақаттың сипатын нақтыламаған.
Сол күні Хаменеи иран халқына үндеу жасап, АҚШ пен Израиль соққыларының құрбандары үшін кек қайтаруға уәде берген.
— Ол халыққа қашан және қалай үндеу жасайтынын өзі шешеді. Мендегі ақпаратқа сүйенсек, ол толықтай аман-есен, — деді Аракчи.
Дипломат сондай-ақ Иранның ядролық қаруға қатысты ұстанымын Хаменеи өзі мәлімдегенін күтуді ұсынды. Бұған дейін ядролық қаруға тыйым салу туралы пәтуа оның әкесі кезінде қабылданған.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы үшінші аптаға жалғасып жатыр. Осы уақыт ішінде тараптар бір-біріне соққы жасап келеді. Тель-Авив бұл операцияның мақсаты — Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу екенін мәлімдеді.
Ал Вашингтон Иранның әскери әлеуетін жоюмен қорқытып, ел азаматтарын билікті құлатуға шақырды.
Иран өз кезегінде қорғануға дайын екенін айтып, әзірге келіссөздерді қайта жандандырудың мәні жоқ екенін жеткізді.