Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:27

АҚШ Үндістанға Ресей мұнайын сатып алуға уақытша рұқсат берді

Мұнай
Фото: ашық дереккөз

АҚШ Қаржы министрлігінің басшысы Скотт Бессенттің хабарлауынша, рұқсат 30 күнге берілген және әлемдік мұнай нарығын тұрақтандыруға бағытталған.

Бессенттің айтуынша, шешім энергетикалық ресурстардың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты.

«Әлемдік нарыққа мұнай жеткізілімінің тоқтамай жалғасуын қамтамасыз ету үшін АҚШ Қаржы министрлігі 30 күндік уақытша рұқсат енгізеді. Бұл Үндістандағы мұнай өңдеу зауыттарына Ресей мұнайын сатып алуға мүмкіндік береді. Рұқсат қысқа мерзімге арналған және Ресей үкіметіне елеулі қаржылық пайда әкелмейді, себебі тек теңізде тұрған мұнайға қатысты мәмілелерге ғана қолданылады», - деп жазды Бессент X әлеуметтік желісінде.

Айта кетейік, ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістаннан экспортталатын тауарларға енгізілген 25 пайыздық кедендік бажды жою туралы жарлыққа қол қойды.

Бұл шешім Нью-Делидің Ресей Федерациясынан мұнай сатып алуды тоқтату жөніндегі міндеттемесіне байланысты қабылданған.

Құжатта: «Үндістан Ресей Федерациясынан мұнайды тікелей немесе жанама түрде импорттауды тоқтату жөнінде міндеттеме алды» деп көрсетілген. Осыған байланысты Вашингтон 7 ақпаннан бастап Үндістаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың бір бөлігіне салынатын кедендік алымдарды алып тастайды.

АҚШ Үндістанға қатысты 25 пайыздық баж салығын 2025 жылдың тамызында енгізген болатын. Дональд Трамп бұл шешімді Нью-Делидің Ресейдің Украинаға қарсы соғысы жалғасып жатқан кезеңде РФ-дан мұнай сатып алып отырғанымен түсіндірген. Оның айтуынша, мұндай сатып алулар Ресейдің «әскери машинасын» қаржыландыруға жол ашады.

Содан бері Ақ үй басшысы Үндістанды Ресей мұнайынан бас тартуға көндіргенін бірнеше рет мәлімдегенімен, бұл сөздер ресми түрде расталмаған. Мақала жарияланған сәтте Үндістан билігі елдің энергетикалық саясаты өзгергені жөнінде ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ, Ресей тарапынан да ресми реакция болмады. Тек бір күн бұрын Үндістанның сауда министрі Пиюш Гоял парламентте сөйлеп, үкіметтің «энергия көздерін әртараптандыруға» негізделген стратегияны жүзеге асырып жатқанын айтқан.

Бұған дейін Дональд Трамп Вашингтон мен Нью-Делидің сауда келісіміне келуі мүмкін екенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл келісім аясында Үндістан мұнайды АҚШ-тан және «мүмкін» Венесуэладан сатып ала бастайды. Бұл – Вашингтон экономикалық саясатына ықпал етуге тырысып отырған елдердің бірі.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ пен Үндістан арасындағы осындай алдын ала келісім 6 ақпанда ұсынылған.

2022 жылға дейін Ресей Үндістанға негізгі мұнай жеткізушісі болған жоқ. Алайда 2022 жылы Батыс елдері Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты ресейлік мұнайға санкциялар енгізгеннен кейін, Мәскеу сату нарығын Үндістан мен Қытайға қайта бағыттады. Кейінірек Ресейде өндірілген мұнай өнімдері Үндістан арқылы Еуропалық одаққа да жеткізілген.