Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:20

АҚШ USAID бағдарламасын ресми түрде жапты: салдары қандай болады?

Ақш
Фото: zhasalash.kz

2025 жылдың 1 шілдесінде АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) ресми түрде жабылды. 

Бұл шешімді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жариялады. Оның айтуынша, агенттік ондаған жыл бойы жүргізген қызметіне қарамастан, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмаған. Сол себепті Дональд Трамп әкімшілігі агенттікті жабу туралы шешім қабылдаған.

Рубионың мәлімдеуінше, USAID соңғы ондаған жылда инфляцияны есепке алғанда 715 миллиард доллардан астам қаржы жұмсаған. Алайда бұл инвестициялар дамушы елдерге нақты нәтижелер әкелмеді. Мемлекеттік хатшының пікірінше, агенттіктің көптеген бағдарламалары тиімсіз болған және олар АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне сай келмеген.

Ол сондай-ақ USAID көмегін ең көп алған елдерге – әсіресе Сахараның оңтүстігіндегі Африка мемлекеттеріне сын айтты. Бұл елдер 1991 жылдан бері 165 миллиард доллардан астам көмек алғанымен, БҰҰ-дағы маңызды резолюциялар бойынша тек 29% жағдайда ғана АҚШ-ты қолдаған.

«Біз билік тарапынан рұқсат етілген тиімсіздіктің дәуірін аяқтаймыз», - деді Рубио.

USAID-тің кейбір міндеттері енді АҚШ Мемлекеттік департаментіне жүктеледі. Рубионың айтуынша, бұл функциялар енді «неғұрлым есепті, стратегиялық және тиімді» түрде орындалмақ. Жаңа көмек моделі «жәрдем орнына сауда» қағидасына негізделмек. Яғни, АҚШ бұдан былай ұзақмерзімді көмек беруді тоқтатып, орнына тұрақты экономикалық өсуге сеп болар инвестицияларды ұсынуға көбірек көңіл бөлмек.

«Келешекте көмек мақсатты түрде және шектеулі мерзіммен беріледі. Біз өзін-өзі қамтамасыз ете алатын әрі көмекті қабылдауға дайын елдерге басымдық береміз. Ресурстар нақты нәтижесі бар салаларға бағытталады», - деді Рубио.

Алайда сарапшылар бұл шешімнің салдары ауыр болатынын ескертіп отыр. Испанияның Барселона қаласы мен Бразилияның Салвадор қаласындағы ғалымдардың The Lancet журналында жариялаған зерттеуіне сәйкес, USAID-тің жабылуы келесі бес жылда 14 миллион адамның өліміне себеп болуы мүмкін. Олардың шамамен 5 миллионы – бес жасқа дейінгі балалар.

Ғалымдар 2001–2021 жылдар аралығындағы 133 елдегі өлім-жітім көрсеткіштерін зерттеп, 2025–2030 жылдарға болжам жасаған. Зерттеу нәтижесі USAID бағдарламаларының арқасында соңғы 20 жылда 92 миллионға жуық адамның өмірі сақталғанын көрсетті. Соның ішінде 30 миллионнан астамы — 5 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ, ВИЧ-тен өлім-жітім 65%, ал безгектен (маляриядан) – 51% төмендеген.

АҚШ Мемлекеттік департаменті 2025 жылғы наурызда Конгреске USAID агенттігін 1 шілдеден бастап тарату туралы ресми хабарлама жіберген. АҚШ Мемлекеттік тиімділік департаменті (DOGE) агенттік қызметкерлеріне барлық штаттан тыс лауазымдардың қысқартылатынын және қызметкерлерге шілде-қыркүйек айларында жұмыстан шығу туралы хаттар жолданатынын мәлімдеген.

Еске сала кетсек, Дональд Трамп 2025 жылғы 20 қаңтарда президент қызметіне кіріскен сәтте, USAID бағдарламаларының АҚШ-тың сыртқы саясаты мен «американдық құндылықтарға» сәйкестігін тексеру үшін агенттік шетелдерге бөлетін көмекті 90 күнге тоқтатқан болатын. Нәтижесінде, тексеруден кейін USAID бағдарламаларының 83%-ы қысқартылған.

Тегтер: