АҚШ Венесуэла президентін ұстау үшін 50 млн доллар сыйақы дайындады

АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұстауға көмектесетін ақпарат үшін сыйақыны 25 миллион доллардан 50 миллион долларға дейін көтеруге дайын.
«Ол — әлемдегі ең ірі есірткі саудагерлерінің бірі және біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді», - деді АҚШ-тың бас прокуроры Пэм Бонди, деп хабарлайды BBC.
Венесуэла СІМ-і АҚШ бас прокуроры Пэм Бондидің Венесуэла басшысы Николас Мадуроны ұстауға көмектесетін ақпарат үшін сыйақы жариялауын «цирк» және ішкі мәселелерден назар аудартуға бағытталған «аянышты әрекет» деп атады. Бұл туралы ведомство басшысы Иван Хиль өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
«Памела Бондидің аянышты “сыйақысы” – біз көрген ең күлкілі жайт», - делінген мәлімдемеде.
25 миллион доллар көлеміндегі сыйақы биыл қаңтар айында белгіленген еді. Оған дейін ақпарат үшін 15 миллион доллар төлеуге дайын болған.
Оның айтуынша, Венесуэла лидері елдегі «Трен де Арагуа» бандасымен және Мексиканың ірі «Синалоа» есірткі картелімен байланысы бар.
"АҚШ-тың Венесуэла президенті Николас Мадуро туралы ақпарат үшін берілетін сыйақыны екі есе арттыруы – бұл Вашингтонның Каракаспен қатынасты қалыпқа келтіруден бас тартқаны туралы америкалықтарға да, сыртқы ойыншыларға да берілген маңызды саяси белгі. Мұндай қадам символдық сипатқа ие және қарсыласын оқшаулауға бағытталғанын көрсетеді", - деп түсіндірді америкатанушы Малек Дудаков.
Сарапшының айтуынша, АҚШ-тың Венесуэладағы жағдайды шайқалту әрекеттері бұған дейін сәтсіз аяқталды. Сондықтан Вашингтон алдағы Колумбия мен Бразилиядағы сайлауға үміт артады. Егер бұл елдерде проамерикалық күштер билікке келсе, Каракасты оқшаулауға қол жеткізуі мүмкін. Дудаков сондай-ақ Дональд Трамп билікке келгеннен кейін оның әкімшілігі Венесуэламен қатынасты жақсартуға тырысқанын, алайда оппозицияны қолдаған және билікті ауыстыруды уәде еткен мемлекеттік хатшы Марко Рубионың ұстанымы жеңгенін еске салды.