АҚШ Венесуэлада қолданған «құпия қару» туралы мәліметтер жарияланды
АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұрлап әкету кезінде қолданған «құпия қару» жоғары жиілікті дыбыс толқынына ұқсас болған.
Бұл туралы New York Post басылымы хабарлады.
Басылыммен тілдескен куәгерлердің айтуынша, белгісіз құрылғы іске қосылған сәтте адамдардың басы қатты ауырған.
«Олар бірдеңені қосты. Нақты қалай сипаттауды білмеймін, бірақ ол өте күшті дыбыс толқынына ұқсайтын. Бір сәтте басым жарылып кетердей болды», — дейді оқиға куәгерлерінің бірі.
New York Post мәліметінше, бұл «дыбыстық қарудың» әсеріне ұшыраған адамдардың мұрнынан қан кеткен, жүрегі айнып, қатты әлсіреген.
«Біз жерге құлап, қозғала алмай қалдық. Осы дыбыстан кейін орнымыздан тұруға шамамыз келмеді», — деп келтіреді басылым тағы бір куәгердің сөзін.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп New York Post-қа берген сұхбатында америкалық әскери күштердің Венесуэлада белгісіз қаруды қолданғанын айтқан. Ол бұл құрылғыны «дискомбобулятор» деп атаған.
Материалда 3 қаңтар күні АҚШ Венесуэла астанасы Каракасқа соққы бергені, сондай-ақ президент Николас Мадуро мен оның жұбайы елден әкетілгені туралы да айтылады. Хабарламада олардың қазір Нью-Йорктегі Бруклин тергеу изоляторында ұсталып отырғаны көрсетілген.