Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:55

АҚШ Венгриядағы «Росатом» салып жатқан АЭС-ке салынған санкцияны алып тастады

Қазақстан
Фото: из открытых источников

АҚШ үкіметі Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы салып жатқан Венгриядағы «Пакш-2» атом электр станциясының құрылысына қатысты санкцияны алып тастады.

 Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Канадада өткен G7 елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейін мәлімдеді.

Рубионың айтуынша, АҚШ Венгрияның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жобаның аяқталуына мүдделі:

«АЭС-тің екінші кезегі қазірдің өзінде салынып жатыр. Венгрия оны аяқтауы тиіс. Жоба Ресей компаниясымен жасалғандықтан, біз олардың толық бітіруін қалаймыз», - деді ол.

АЭС-тің жаңа блоктарын салу жобасына қатысты шектеулерді 2024 жылғы қарашада Джо Байден әкімшілігі енгізген болатын. Алайда Дональд Трамптың жаңа үкіметі билікке келген соң, 2025 жылғы 29 маусымда Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто бұл санкциялар алынып тасталғанын растады.

Бұған дейін, 2024 жылдың қыркүйегінде Люксембургтегі Еуропалық Одақ соты Венгрияның «Пакш-2» жобасына қаржылай қатысуына рұқсат берген Еурокомиссия шешімін жарамсыз деп таныған. Сот Еурокомиссияның Ресейлік «Росатоммен» тікелей келісімшартқа тендерсіз баруға жеткілікті негізі болмағанын атап өткен.

Ресей мен Венгрия «Пакш-2» жобасы туралы келісімге 2014 жылы қол қойған. Құрылыс екі жаңа энергоблок — №5 және №6 реакторларын қамтиды, жобаның жалпы құны 12,5 млрд еуро деп бағаланған.

  • 2022 жылы Венгрияның атом энергетика басқармасы «Росатомға» ресми лицензия берген.
  • 2023 жылы Еуропалық комиссия келісімдер мен қаржыландыру шарттарына өзгерістер енгізуге рұқсат берді.
  • Сол жылдың қарашасында Венгрия үкіметі мен «Росатом» нақты жұмыс кестесіне қол қойды.

Жоспар бойынша, жаңа энергоблоктар 2030-жылдардың басында іске қосылуы тиіс.

Петер Сийяртоның айтуынша, Ресей мен Венгрия арасындағы есеп айырысу «Газпромбанк» арқылы жүргізіледі. Бұл банк 2024 жылдың қарашасында АҚШ санкциясына іліккен болатын.

Бірақ 2024 жылдың соңында Брюссель Вашингтоннан Газпромбанкке қатысты санкцияларды жеңілдетуді сұраған, өйткені бұл банк Еуропаға ресейлік газ жеткізу және төлем операцияларын орындауда негізгі арна.

Тегтер: