АҚШ Жоғарғы соты Трамп енгізген баж салығын заңсыз деп таныды
АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда серіктестеріне қарсы енгізген кең ауқымды баж салығы заңсыз деп танылды.
АҚШ Жоғарғы соты 20 ақпанда қабылдаған шешімінде президент төтенше жағдайлар туралы заңға сүйене отырып, өз өкілеттігін асыра пайдаланған деген қорытындыға келді.
Сот шешімі 6 судьяның қолдауымен, 3 судьяның қарсылығымен қабылданды.
Жоғарғы сот Трамп енгізген тарифтердің басым бөлігін заңсыз деп таныды. Олардың қатарында:
барлық елдерден импортқа салынған «өзара» баж салығы;
Канада, Мексика және Қытай тауарларына 25 пайыздық тарифтер;
Еуропа одағы елдеріне қатысты бірқатар шектеулер бар.
Судьялар баж және салық белгілеу құқығы тек Конгреске тиесілі екенін нақтылады. Төтенше жағдайлар туралы заң президентке дағдарыс кезінде сыртқы сауданы реттеуге мүмкіндік бергенімен, тікелей тариф енгізу құзыретін бермейді.
Бұл шешім Трамптың агрессивті сауда саясатына айтарлықтай соққы болып отыр.
Шешімнен кейін Дональд Трамп арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, сот шешімін «өте көңіл қалдырарлық» деп атады. Ол Жоғарғы сот мүшелерін «шетелдік мүдделерге қызмет етіп отыр» деп айыптап, бұл шешімді «ұлт үшін масқара» деді.
Сонымен қатар Трамп тариф саясатын тоқтатпайтынын мәлімдеді. Ол 1974 жылғы Сауда туралы заңның 122-бөліміне сүйене отырып, қолданыстағы тарифтерге қосымша 10 пайыздық жаһандық баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қоятынын айтты.
Бұған дейін Трамп әкімшілігі бірқатар елдермен келіссөз жүргізіп, кей ставкаларды қайта қараған болатын. Мысалы, Еуроодақпен келісім жасалып, тамыз айынан бастап АҚШ-қа импортталатын еуропалық тауарлардың басым бөлігіне 15 пайыздық тариф қолданылып келген.
Алайда Жоғарғы сот шешімінің бұл келісімдерге қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. Компаниялар бұрын төлеген миллиардтаған долларды қайтарып ала ма – бұл да ашық сұрақ. Сарапшылардың пікірінше, егер мемлекет жаппай өтемақы төлеуге мәжбүр болса, бюрократиялық «хаос» туындауы мүмкін.
Трамп екінші президенттік мерзімі басталғалы бері 1977 жылғы Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заңға (IEEPA) сүйеніп, көптеген елдерге қарсы тариф енгізген. Ол халықаралық саудадағы теңсіздік АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп есептеп, төтенше жағдай режимін осылайша негіздеген.
Алайда Жоғарғы сот бұл уәжбен келіспеді. Шешімде АҚШ аталған мемлекеттермен соғыс жағдайында емес екені, бейбіт кезеңде президент әскери өкілеттіктерге сүйеніп, тариф белгілеуге құқылы емес екені атап өтілген.
Бұған дейін бірнеше компания мен штаттар Трамптың бұл шешімдеріне қарсы сотқа жүгінген. Төменгі инстанциялар олардың пайдасына шешім шығарған, ал апелляциядан кейін іс Жоғарғы сотқа жеткен.
Бұл шешім АҚШ-та билік тармақтарының тепе-теңдігі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Конгресс пен Ақ үй арасындағы өкілеттік шекарасы нақтыланып отыр.
Сонымен бірге бұл шешім халықаралық сауда жүйесіне де әсер етуі мүмкін. АҚШ серіктестері белгілі бір жеңілдік күтсе де, Трамптың жаңа құқықтық механизмдер іздеуі жаһандық нарықтағы тұрақсыздықты жалғастыруы ықтимал.