Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:47

АҚШ зымыраны соғыс майданын өзгерте ала ма?

Томогавк
Фото: ЖИ

АҚШ пен Украина арасындағы әскери ынтымақтастық тағы бір шешуші сәтке таяп тұр. Вице-президент Джеймс Дэвид Вэнстің Fox News арнасына берген сұхбатынан кейін әлемдік басылымдарда Tomahawk зымырандарын Киевке жеткізілу ықтималдығы қызу талқыланып жатыр.

Вэнстің айтуынша, түпкілікті шешімді Дональд Трамп қабылдайды. Бұл бір жағынан – Ақ үйдің Украинаға қолдау көрсетуге дайын екенін, екінші жағынан – Трамп әкімшілігінің Ресеймен қарым-қатынасқа сақтықпен қарайтынын білдіреді. Бұған дейін Трамп Киевтің бірнеше өтінішін кері қайтарған еді.

Tomahawk қандай қару?

Tomahawk – АҚШ-та жасалған алыс қашықтыққа ұшатын қанатты зымыран. Ол алғаш рет 1980 жылдары АҚШ қарулы күштерінің арсеналына енген. Басты ерекшелігі – жерүсті мен теңіздегі нысандарды дәл жоюға қабілеттілігі. Reuters хабарлағандай, Tomahawk зымырандарының ұшу қашықтығы 2 500 шақырымға жетеді. Бұл – Ресей тылындағы стратегиялық нысандарға соққы беруге мүмкіндік беретін қару. Аталған зымыранның жылдамдығы дыбыс жылдамдығынан төмен – шамамен 880 км/сағ. Ұшу траекториясы – жер бедерін төмен биіктікте айналып өтіп, радардан жасырынуға мүмкіндік береді. 450 келіге дейінгі жарылғыш оқтұмсық таси алады.

Tomahawk-тар көбіне теңіз платформаларынан – эсминецтер, сүңгуір қайықтардан ұшырылады. Бұл оларға әлемнің кез келген аймағында соққы жасау мүмкіндігін береді. Зымырандар Ирактағы «Шөлдегі дауыл» операциясында, 1999 жылғы Югославиядағы НАТО бомбалауларында, 2003 жылғы Ирак соғысында және Сириядағы операцияларда кеңінен қолданылды.

Tomahawk – тек соғыс құралы емес, қорқыныш тудыратын саяси белгі. Ол қарсыластың стратегиялық нысандарын алыстан жоюға қабілетті болғандықтан, әскерилер ғана емес, дипломаттар да бұл қаруды «қысым тетігі» ретінде қарастырады.

Мәскеудің жауабы

Кремль мұндай шешімді қақтығысты ушықтыру ретінде қабылдауы ықтимал. Песков Ресей билігі АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктерінің Киевке қанатты зымырандарды жеткізу мүмкіндігін талқылаған мәлімдемелерін мұқият қадағалап отырғанын айтты. Дмитрий Песков: «Бұл зымырандарды кім басқарады. Басты мәселе – осы», – деп ескертті. Мәскеу үшін Tomahawk әскери ғана емес, геосаяси қысым құралына айналуы мүмкін. Сонымен бірге ресейлік сарапшылардың бір бөлігі бұл қару соғыс барысын түбегейлі өзгерте алмайды деген пікір білдіріп отыр.

Президент Зеленский бұған дейін АҚШ-қа Tomahawk алдымен Еуропаға сатылып, кейін Украинаға берілуін сұраған болатын. Бұл қадам Киевтің батыстық одақтастарын іске белсенді тарту ниетін көрсетеді. Washington Post-тың жазуынша, украин басшылығы үшін ұзақ қашықтықтағы соққы беру мүмкіндігі – тек әскери артықшылық емес, сонымен қатар саяси қысым тетігі болады. Украина осы арқылы Путинді келіссөз үстеліне әкелу ниеті де бар.

Батыс сарапшылары не дейді?

Euronews та әскери-стратегиялық тұрғыдан Киевке Tomahawk беру ықтималдығын сараптап, оның НАТО мен Ресей арасындағы тепе-теңдікке тигізер ықпалын талқылап отыр.

Бүгінде Tomahawk төңірегіндегі шешім тек Украина майданының тағдырына емес, жалпы Еуропадағы қауіпсіздік мәселесіне де әсер етуі мүмкін. АҚШ-тың бұл қаруды жеткізу жөніндегі шешімі қабылданса, соғыс жаңа деңгейге көтерілуі ықтимал. Саяси тұрғыдан Трамп әкімшілігі Мәскеуге нақты белгі берді. Әскери тұрғыдан Киев Ресейдің стратегиялық нысандарына қауіп төндіре алады.

Айымгүл Мақсұтқызы