Ақша жоқ па, әлде көзге түсуге құмармыз ба?
Журналист Ербол Мәндібек өз Facebook парақшасында қызықты пост жариялап, еліміздегі «ақша жоқ» деген стереотиптің шындыққа сәйкес келмейтінін мысалдар арқылы көрсетті. Ол халықтың шынымен де материалдық мүмкіндігі жоқ па, әлде көзге көрінгісі келіп, өз қалтасына қарамай өмір сүретінін ойландырады. Мәндібек әлеуметтік желідегі жазбасында концерт билеттерінен бастап, көлік нөмірлеріне дейінгі қарапайым, бірақ халықты елеңдететін жағдайларды атап өтті.
Жай күндері «анау жетпейді, мынау жетпейді» деп жылап отырамыз. Бірақ қалаға бір әлемдік жұлдыз келсе, алпыс мыңдық концерт билеті алты секундта сатылып кетеді. Тіпті арнайы қосымшалар халықтың нөпіріне шыдамай, істен шығып жатады. Осыдан кейін «ақша жоқ» деп айта аламыз ба? – деп жазған журналист Ербол Мәндібек өз постында.
Ол мысал ретінде көлік нөмірін таңдап сатып алу мүмкіндігін келтірген. Ең арзан нөмірдің өзі 42 мың теңгеден басталса да, халыққа қызмет көрсету орталықтарында адам қарасы қалың, кезектер көшеге дейін созылып кеткен. Журналисттің айтуынша, бұл да «ақша жоқ» деп жылауымызға себеп болмайды.
Сонымен қатар, Мәндібек соңғы уақытта шетелде, мысалы Вьетнамның Фукуок аралында қазақ туристерінің шоғырланғанын мысалға келтірген. Олар жергілікті алаңқайды бір сәтте Шымкенттегі мейрамханаға айналдырып, билеп, көңіл көтерген. Мұны қалалық өмірдің, демалыстың немесе жаңа гаджетке қызығудың дәлелі ретінде көрсеткен.
Журналист жазғандай, кез келген автосалон немесе тұрғын үй компаниясы шағын акция жарияласа, кезектер таңғы бестен басталады. Егер шынымен ақша жоқ болса, ондай кезекте тұрмас едік.
Ораза айын мысалға келтірген Мәндібек: «Ауыз бекітіп, ауызашар жасаймыз. Дастарханымыз аста-төк. Муфтияттың «ысырапшылдыққа жол бермейік» деген қарапайым талаптарына мән бермейміз. Мұның бәрі мақтан үшін бе?» – деп ой тастаған.
Оның негізгі ойы мынада: мәселе кедейлікте емес. Мәселе өз қалтамызға қарамай өмір сүруімізде. Той үшін, демалыс үшін, жаңа айфон үшін несие алып, көзге түсуге тырысып, сосын «ақша жоқ» деп шағынамыз. Ақша жоқ емес – бар, тек кейде біз өтірік жылаймыз.