Ақшалы ата-ана, ақылы мектеп және бала
Қазіргі таңда Қазақстанда 701 жекеменшік ақылы мектеп бар
Онда жалпы саны 248 157 оқушы білім алып жатыр. Сұраныстың көбеюіне орай олардың саны күн санап артып келеді. Мәселен, биылғы көрсеткіш бойынша Астанада 171 жалпы білім беретін мектеп бар болса, соның 101-і мемлекеттік, 63-і жекеменшік. Ал Алматыда 117 жекеменшік мектепте 35 181 бала оқиды. Әлбетте, жекеменшік мектептердің көбеюі мемлекет үшін де тиімді. Себебі ақылы мектептер бюджетке түсетін салмақты азайтады, орын тапшылығы мәселесін шешуге жәрдемдеседі, білім беру сапасына да әсер етеді. Кәсіпкерлерге келсек, бұл тұтыну кепілдігі бар, табысты, ұзақ мерзімді бизнес. Ал ата-аналар үшін ше? Неге ақылы мектептерге сұраныс күрт көбеюде? Әлде мемлекеттік мектептердің сапасы сын көтермей ме? «Жас Алаш» осы сұрақтардың жауабын іздеп, дөңгелек үстел ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге Астанадағы Perspective elementary school, Urban school мектептерінің негізін салушы Ғабит Бекахметов, «Qazbilim» ұлттық лицейі директорының орынбасары Жанаргүл Ғалымжанқызы, балаларын 5 жыл АҚШ-та оқытып, Қазақстанға келген соң ақылы мектепке таңдауы түскен ана, продюсер Айсәуле Әбілдә және Тараз қаласындағы «125» білім академиясының білім жөніндегі меңгерушісі Гүлнұр Оразбаева қатысты.
«Жас Алаш»: – Жекеменшік мектептердің оқыту жүйесі мемлекеттік мектептерден несімен ерекшеленеді? Неге ата-аналар ақшаның ыңғайы келсе болды ақылы мектептерге құлшынып тұрады?
Жанаргүл Ғалымжанқызы: – Ата-ана баласын ақылы мектептерге әртүрлі себептермен береді. Меніңше, ең басты себебі, бүгінгі ата-ана жұмысбасты. Көпшілік таң атысымен жұмысқа кетіп, қас қарая келеді. Әсіресе бастауыш сыныптарда ата-ана келісімшарт жасайды да, мектептің ұйымдастыру қызметі баланы азанда алып кетеді, кешке әкеліп тастайды, түсте тамақтандырады деп сенеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік мектептерде бала саны өте көп. Қалаларға көшіп келушілер де уақыт өткен сайын артуда. Сондықтан да орын тапшылығы күн тәртібінен түспей тұрған мәселе. Талап бойынша бір сыныпта 25 баладан артық отыруға болмайды, бірақ бір кабинетте оқушы 30-дың үстінде отыратын өңірлер баршылық. Ал шын мәнінде 25-тің өзі көп. Ақылы мектептерде 15-18 бала отырады. Аз топқа білім беру, балаға жеке көңіл бөлу, оны ашуға, білім сапасына оң әсер ететінін бәріміз мойындаймыз. Осылайша, баламен жеке жұмыс жасауға мүмкіндіктің болуы да ата-ананы қызықтырады. Демек, көпшілік бала оқымысты болсын дегенді көздемейді, тек осы мүмкіндіктерді ескеріп, ақылы мектепті таңдайды. Отбасылық бюджеті жақсы адамдар да баласын ақылы мектепке беруге жаппай құмар деп айта алмаймыз. Қалыптасқан ситуацияға қарай таңдау жасайтындардың категориялары мен себептері сан түрлі.
Айсәуле Әбілдә: – Мен отбасыммен бірге 5 жылға жуық АҚШ-та тұрдым. Балалар сондағы білім жүйесіне үйреніп қалғандықтан, елге келгенде қиындықтар болғаны рас. Себебі АҚШ-та индивуализация, әр балаға көңіл бөлу, еркіндік жақсы дамыған. Ол жақтағы ұстаздар да шектен тыс бостандықтың «минустарын» айтып жатады. Әсіресе оқушылар жұмсақ мұғалімдерге жоғары, талапшыл ұстаздарға төмен балл қойып, соның әсерінен қаталдау мамандар жұмыстан шығып қалып жататын жағдайлар да бар екен. Ал ТМД елдерінің балалары қаталдыққа, қатқан тәртіпке үйреніп қалған. Сол себептен де АҚШ-қа барғанда балаларыма жеңіл болды. Жалпы онда Қазақстаннан барған кез келген бала ойнап жүріп оқиды. Өйткені бағдарлама жеңіл, үй тапсырмасы деген жоқ, оқытушылардың қарым-қатынасы да өте жұмсақ. Кейіннен елге оралғанда балаларға сол жағы қиын болды. Бізде баладан мінсіздікті, қателеспеуді талап етеді. Мәселен, 1-сыныпқа барған баламның дәптерінен үнемі «әдемі жаз» деген қып-қызыл ескертуді көремін. Қарап тұрсаңыз, ағылшынша оқып келген, латын қарпімен сауат ашқан бала бірден алып кете алмайды ғой. Сол дүние ескерілмейді. Айтып отырғаным – Астанадағы мемлекеттік мектеп еді. Балаларға ұнамаған соң, Астанадағы басқа мемлекеттік мектепке ауыстық. Ол мектеп салыстырмалы түрде жақсы болып шықты.
Солай жүргенде жұмыс барысымен Алматыға қоныс аудардық. Үлкенім – Білім-инновация лицейіне түсті. Кенже екеуді ақылы мектепке апардық. Шыны керек, білім жағынан сараптап, салыстырып, қатты ден қойып таңдадық деп айта алмаймын. Себеп – білім беру методикасына қызығу, баладан данышпан жасау емес. Біз көшкен кезде «Міржақып.Оян, қазақты» түсіріп жаттық. Жұмыспен үлгермей, шапқылап жүргенде балаларға мектеп іздеп, ойлануға уақытымыз да болмады. Алматыда адам көп, мектептер «пропискадағы» балалармен-ақ толып қалады екен. Тұрақты мекенжайымыз жоқ, оған тіркеліп, құжат түгендеп, жүгіріп жүруге тағы қол тимеді. Одан бөлек, мектепке апарып, әкелу де бір жұмыс. Белгілі ғой, Алматыда баланы әрі-бері таситын арнайы адам болмаса, өте қиын. Сонымен, жалдаған үйіміздің маңындағы мектеп толып қалған, ал алысқа таситын ешкім болмады. Ақыры соңында өзіміздің үй жақтан ақылы мектеп таптық. Бұл орайда Жанаргүл ханымның ойына қосыламын. Бізге ең әуелі ұйымдастыру қызметтері, соның ішінде «развозкасы» ұнады. Баланы сағат жеті жарымда алып кетіп, кешкі бестерде әкеліп тастайды. Оған қоса, сол жақтан тамақтанады. Әлбетте, жұмыстағы ата-ана үшін бұл тиімді ұсыныс. Ең бастысы – мектеп балаларға ұнады. Себебін сұрап едім, мұғалімдер бізбен адамша сөйлеседі, сен оқушысың, былай жаса, мынаған міндеттісің демейді, тең көзқараста қарайды дейді. Біз барып жүрген «Зердеш» мектебінде оқу ақысы айына 210 мың теңге. Мұнда ағылшын тілі мен математика тереңдетіліп оқытылады.
Гүлнұр Оразбаева: – Әр білім ордасының бағыты мен негізгі «плюстары» әртүрлі. Мысалы, 125 мектебінің жай мектептерден айырмашылығы – сингапурлық білім бағыты қолданылады. Яғни негізгі пәндерге акцент қойылады және олар ағылшынша өтеді. Тағы тек қазақша, мемлекеттік стандартпен оқитын сыныптарымыз да бар. Онда математика мен ағылшын тереңдетілген. Сабақ кешке дейін болса да, негізгі жүктеме түске дейін. Оқушыларды «А, Б, С» деп үш деңгейге бөлеміз. Оны деңгейлік тест арқылы анықтаймыз да, оқушыны өз деңгейінен көтеруге күш саламыз. Мектептегідей бәрің беске оқы деген ұстаным жоқ. Бұл өте үлкен моральдық қолдау. Ал түсте 45 минут міндетті кітап оқу уақыты бар. Жақсы әдет те, жаман әдет те мәжбүрлеуден басталады деп айтып жатады ғой. Сондықтан осындай міндетті кітап оқу уақытын енгіздік. Түстен кейін кесте бойынша қосымша сабақтар өтеді. Ал педагогтарға қойылатын басты талап – ағылшын тілін білу, IELTS көрсеткішінің жақсы болуы. Ал мемлекеттік мектептерде мұндай мықты кадр базасын қалыптастыруға деген ұмтылыс бар деп айта алмаймыз.
Жалпы ақылы мектептер ұсынатын артықшылықтарға аналитика жасайтын болсақ, баланы тамақтандыру, әкетіп, әкелуден бөлек оқу құралдарының бәрін өзі қамтамасыз етіп, тек шет тілінде, әлемдік стандартпен оқытатын мектептер де баршылық. Көбіне баласының шетелдік ЖОО-ға түсіп, мықты маман болғанын қалайтын ата-аналар осындай мектептерді таңдайды. Мәселен, Haileybury Almaty мектебі британдық жүйемен, EAL бағдарламасымен білім береді. Барлық сабақты ағылшынша өтетін бұл мектептің жылдық оқу ақысы 14 миллион теңгеге дейін барады. Тағы CIS-тің аккредитациясынан өткен «Мирас» мектебін алып қарайық. Ол жақта сыныптағы бала санының 20-дан аспауын қатты қадағалайды. Мұнда оқу 1 млн 800 мыңнан 6 млн 800 мың теңгеге дейін. Таmоs мектебінде де баға осы шамалас. Ондағы процесс халықаралық кембридждік бағдарлама бойынша жүргізіледі. Яғни 12 сыныпты аяқтаған оқушы ресми түрде A-level түлек болып саналады да, ешқандай қосымша дайындықсыз халықаралық ЖОО-ларға өтініш бере алады. Ал Galaxy International school оқушылардың тұлға ретінде дамуына баса мән берсе, Астанадағы «Нұрорда» мектебі әр балаға индивид ретінде қарап, жеке көңіл бөлінетінін алға тартады. Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп те осындай инновациялары арқылы қысқа мерзімде танымалдылыққа ие болып отыр. Демек, баласының зияткерлік қабілеттерін дамытқысы келетін ата-аналар жоғары деңгейлі мектептерді іздейді. Сондай сұраныс болғандықтан, халықаралық, жекеменшік, ақылы мектептер көбейіп келеді.
Ғабит Бекахметов: – Расымен де, жекеменшік мектептерге сұраныс артып келе жатыр. Осы оқу жылында Perspective elementary school бастауыш мектебін аштық. Екіншісін екінші тоқсаннан бастап ашпақпыз. Біздің мектептің қалыпты мектептерден ерекшелігі – мұнда шешімді педагогтар кооперативі қабылдайды. Яғни демократиялық, орталықтандырылған әдіс қолданылады. Бұл қазір әлемде танымалдылыққа ие болып келе жатқан тенденция. Бұрынғы жүйеден айырмашылығы баланы қорқытпай тәрбиелеуде. Мәселен, вертикалды басқару тәсілінде мұғалім басшылықтың қас-қабағына қараумен, олардан қорқумен болады, стресте жүреді. Ал кооперативте өздері шешім қабылдайды, демек, еркіндік бар, инновациялық креативтерге жол ашық. Бұл өз кезегінде педагогтардың жұмыс сапасына, сәйкесінше, оқушыларға тікелей әсер етеді.
Ал жеке мектептер мен мемлекеттік мектептерді салыстырсақ, фундаменталды айырмашылығы – олардың негізгі мотивациясы екі түрлі. Жекеменшік мектептер ақшаны, табысты арттыру үшін сапаны қамтамасыз етуі керек. Сондықтан олар бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін үнемі инновация жасап отырады. Осының нәтижесінде артық, қажетсіз нәрселердің көбі өзінен-өзі жоқ болып кетеді. Демек, бизнес оптимизация білім сапасына тікелей әсер етеді. Ал мемлекеттік мектептерде ондай мотивация жоқ десек қате болмас.
«Ж.А.» – Жекеменшік мектептердің артықшылықтары мен ерекшеліктерін түсіндік. Ал өзгертуге болмайтын жалпыға ортақ қағидалар бар ма? Ақылы мектептерге министрлік тарапынан қандай талаптар қойылады?
Ж.Ғ. – Жекеменшік мектептердің оқу процесінде ерекшеліктер болмайды емес, болады. Дегенмен оқу-ағарту министрлігінің бекіткен білім бағдарламасы, білім туралы заң, стандарттар, оқу жоспарына қойылатын талап ақылы мектептерге де, мемлекеттік мектептерге де бірдей, жалпыға ортақ. Әрі меңгеру керек бағдарлама мен оқу жүктемесінің артып кетпеуі қатаң қадағаланады. Одан бөлек, екі ауысымды мектептерде қосымша сабақтар мен үйірмелерді дұрыстап өткізуге мүмкіндік бола бермейді. Ал ақылы мектептерде оқушының шығармашылығы мен зияткерлігін дамытуға барлық жағдай жасалған. Яғни оқу бағдарламасының негізінде қосымша сабақтар да қамтылады. Бұл біз енгізе алатын өзгешеліктердің үлкен бір парасы.
Және ақылы мектептердің педагогтарға деген талабы мемлекеттік мектептерге қарағанда жоғары болады. Министрлік сұрайтын диплом мен санаттан бөлек өзіміздің ережелер бар. Мәселен, біздің Qazbilim ұлттық лицейі жоғары білімі бар педагогтардан өз пәні бойынша тест алып, біліктілікті анықтайды. Одан бөлек іскерлік дағдыларына мән беріледі. Жұмысқа алған соң да мұғалімді дамытып, жетілдіруге де көп көңіл бөлінеді. Ал балаларды 5-сыныптан бастап қабылдаймыз. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Әр баланың қабылдауы да, деңгейі де әртүрлі. Сондықтан тест жасап, шектік балдан асқан балаларды ғана аламыз. Оқушылардың бейімі, қызығушылығы, деңгейі бөлек болғандықтан сынып ішінде контраст та болады. Бірақ біз баланы өз деңгейінде дамытуға ден қоямыз. Оны ортасымен емес, өз прогресімен салыстырамыз. Яғни мемлекеттік мектептердегідей индикатор қумаймыз. Осындай ішкі өзгерістерге белгілі бер деңгейде рұқсат берілген.
Ғ.Б: – Жүйеге жобамен 30 пайызға дейін өзгешеліктер енгізуге рұқсат берілген. Оның ішінде жекеменшік мектептер оқу бағдарламасына өз қалауынша элективті сабақтар мен қосымшаларды кіріктіре алады. Ал басқа сұрақтарға келгенде толығымен мемлекеттік стандарттарға бағынамыз. Яғни талап етілетін нәтиже мен бағыт ортақ стандарттарға сәйкес барлық мектепке бірдей. Алайда қалған 70 пайыз сабақты қалай өтесің, қандай методиканы қолданасың, оны да өзің құбылтып, тиімдірек нұсқаларды таңдауға мүмкіндік бар. Мәселен, бізде Perspective elementary school бастауыш мектебінде ағылшын пәнінің сағаттары көп, кестеде күнделікті тұрады. Оған қоса, тереңдетілген математика, логика, робототехника оқытылады. Жоғарғы сыныптарға келсек, Urban school 5-11-сынып аралығында білім береді. Онда балалар фундаменталды ғылымдарды көбірек оқиды. Және best business learning бағытына басымдық берілген. Соған сай кәсіпкерлікке баулу, маркетинг, қаржылық сауаттылық, сыни ойлау сынды пәндер бар. Мұндағы негізгі бағыт бизнес болғандықтан, бала кей пәндерді керемет оқымаса да, одан мықты кәсіпкер шығуы мүмкін деген көзқарас негізге алынады. Бағалау жүйесі де соған ыңғайланған. Қалыпты мектептерде балаларды оқымадың деп басып тастап жатады. Ал бізде балаларда төмен көрсеткіш, артта қалу байқалса, бірден қосымша жұмыс басталады. Әр баланың бастапқы деңгейіне қарап «планка» қоямыз. Бір сыныпта ең көбі 20 бала отырады. Аталған факторлардың әсерінен оқушылар әртүрлі деңгеймен келсе де, уақыт өте контраст жойылады. Министрлік талаптарының шеңберінде осындай ішкі жүйелік өзгерістер арқылы-ақ жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
«Ж.А.»: – Жекеменшік мектептерде жүйе қолайлырақ, мүмкіндіктер көбірек екенін байқап отырмыз. Баланы сондай зияткерлік мектептерге сүйреу, қарым-қабілетіне қарамастан, үздік оқушы жасауға талпыну, ақылы мектептерге беріп, түрлі қосымшаларға апару қаншалықты нәтиже береді?
А.Ә: – Бала оқуға келгенде жалқаулау болса немесе мотивациясы, қалауы басқаша болса, спортқа, музыкаға, биге қызықса, оны жазғырып керек емес. Дегенмен қабілет деген нәрсегеде қадалып алудың қажеті шамалы. Өйткені бала бәрін көргені дұрыс, тіпті нәтиже шықпаса да көре берсін. Ата-ананың шамасы келіп тұрса неге оқытпасқа? Олар өзінің перзентінің алдындағы міндетін солай атқарып жатса, осылайша өзіне, көңіліне тыныштық табатын болса, артық ештеңесі де жоқ. Өйткені мына уақыт жоқ заманда, бәрі жұмыста жүрген кезде балаға көңіл бөлу оңай шаруа емес. Бәрінің ата-әжесі жанында отырған жоқ. Сондықтан бүгінгі нарықтық қоғамда ешкімге ештеңе деп дау айта алмаймыз.
Мәселен, менің бір құрбым Астанадағы ең жақсы, қымбат деген мектепті таңдап, балаларын сонда оқытып жүр. Ол: «Балаларымды сүйреу керек, тарту керек. Өйткені өздігінен тұрып, 25 баланың арасынан қол көтеріп, суырылып сабақ айтатын түрі жоқ. Өте жуас. Арнайы көңіл бөліп, арқасынан сипап отыратын бір адам қажет» деп айтады. Осылайша, 3 баласын да ақылы мектепке берді. Қарап отырсақ, баланың ондайын байқап, тырысып отырғанының өзі жетістік. Перзентіне қолайлы жағдай жасауға тырысу – ата-ананың инстинкті. Тағы бір психолог құрбым мемлекеттік мектептер баланы басып тастайды деп, жекеменшік мектепке жүгінді. Мұны да қате пікір деп есептемеймін. Бірақ бұл орайда мемлекеттік мектептердегі мұғалімдерге де кінә арта алмаймыз. Алдыңдағы 25-30 бала айқайлап, шулағанда баспай көр. Олар да 30 баланы өбектеп, әрбірін әлпештеп отыра алмайды ғой. Солай мектептердің екі ауысымдылығы, орын жетіспеушілігі деген мәселеге келіп тірелеміз. Жүйе дегенмен, жүйе де игере алмай жатыр емес пе? Бәріміз Астана мен Алматыға шоғырланып алдық. Олар мектеп салып үлгермей жатыр. Мәселе бір ғана ошақтан туындамайды. Әрі білім біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде проблема екенін ұмытпаған жөн. Оның үстіне қазіргі балалар да қиын, құлшынысты тез жоғалтып алады, дофаминді оңай алып үйренген, рухани әлсіздік белең алып тұр. Сондықтан оларды баспай, қолдан келген мүмкіндікті жасай берген дұрыс шығар. Ақылы ма, басқа ма, баланың кілті ашылып, өзін-өзі тани алса, дамытса, құба-құп.
Осы тұста мемлекеттік мектепте оқытып жатқандарды да балаң дамымай қалады деп айыптай алмаймыз. Ақылы мектептер күшті, мемлекеттік мектептер нашар деу қате. Бәрі баланың өзіне, ынтасына байланысты. Расымен де, кей балаларға стимуляция, мотивация көбірек қажет. Оларға солай жеткілікті мөлшерде көңіл бөлетін ақылы мектептер керек болуы мүмкін. Ал негізі оқитын бала кез келген жерде оқиды, болатын бала қайда болса да болады. Өзім балалардың оқуға ынтасы болғандықтан, әрі сырттан қалыптастырып келген сұраныстары үшін жекеменшік мектепке беріп отырмын. Қазір көшіп-қонып жүрген соң осылай тиімді болып тұр. Егер болашақта үй-жайымыз тұрақталса соның жанындағы мемлекеттік мектепке береміз.
Ғ.Б. – Сүйреу дегенсөздің өзі, оны қолданудың өзі дұрыс емес. Бала оқығысы келмесе де, мынау оқығысы келмейді деп кішкентайынан мүмкіндіктерін тұсап, болашағына салғырт қарауға болмайды. Бұлай баланың жолын кесу ағаттық болады. Ұмытпау керек, әр бала әртүрлі ашылады. Біреулер 8 сыныптан, біреулер 3 сыныптан оқып кетеді. Бәріміз көріп жүрміз ғой, оқушыға, адамға бір мезгілде өзінен-өзі «осознанность» келеді. Ал ата-ананың мақсаты балаға кез-келген уақытта мүмкіндіктер ашық болуын қадағалау. Оқымайды, сүйреуден пайда жоқ дейтін болса, ол керісінше қауіпті. Әрине, бір жағынан оқитын бала қандай мектеп болсын, қандай жағдай болсын оқиды. Ал егер ол бір бағытқа бейімделген мектепте оқыса, өзі секілді қызығушылықтары бар ортада жүрсе, дамуға, өсуге тіптен қолайлы. Тағы бір айта кетерлік жайт, ақылы мектептерді жекеменшік мектептер деп емес, тәуелсіз мектептер деп атағанымыз дұрысырақ па деймін. Себебі бұл – автономды мектептер.
Негізі, бұрын керісінше осындай автономды, жеке мектептер көп еді. Мәселен, Ыбырай Алтынсарин бірінші мектепті ашқан жоқ, өйткені мектептер әрдайым болған. Көшпелі мектептер Алтын Ордадан, Берке ханның заманынан бар. Кейіннен Жәңгір хан Бөкей ордасында көшпелі емес, кәдімгі кірпіш мектеп ашты. Ал Ыбырай Алтынсарин алғашқы мемлекеттік, империялық мектептің негізін қалады. Яғни, Ресей империясының бірінші үкіметтік қазақ тілді мектебін құруға атсалысты. Сол секілді қазір жеке мектептердің қайта көбеюі, әртүрлі қызығушылықтар мен қажеттіліктерге бейімделуі – табиғи құбылыс. Өйткені адамдар әртүрлі. Олардың бәрін бір стандартқа қысу, бәрің бірдей боласыңдар деу дұрыс емес. 1 млн оқушы бірдей 100 кітап оқымау керек. Әр оқушы әртүрлі 100 кітап оқып, 1 млн оқушы 100 млн кітап оқуы керек шығар. Сонда ғана қоғам дамиды, сонда ғана өмірдегі, қоғамдағы әртүрлі проблемалар мен сұраныстарға дайын боламыз.
«Ж.А.»: – Пікірлеріңізге рахмет!
Дөңгелек үстелді жүргізген – Баян Мұратбекқызы