Ақшамды БЖЗҚ-ға өс деп бердім...

Биыл жыл басынан бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) инвестициялық табыс кеміп кетті.
2025 жылдың төрт айында қордағы активтердің кірісі минус 1,05 пайызды құрады. Бұған қоса жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша кірісі минус 5,94 пайызды құраған. Ал 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ активтерінің нақты кірістілігі минус 6,15 пайыз болған. Осылайша жыл басынан бері қор салымшылары 231,54 млрд теңгесін жоғалтқан.
Жалпы, мұндай құбылыс нені білдіреді? Зейнетақы активтерінің инвестициялық табысын «жеп жатқан» не нәрсе? Зейнетақы активтерін кімдер басқарып отыр? Инвестициялық табысты көбейту үшін активті басқарушыларға қандай талаптар қою керек? «Жас Алаш» осы және басқа да сауалдарға жауап іздеп көрді.
Қор не дейді?
Алдымен БЖЗҚ-ға арнайы сауалдар жолдадық. Қордың баспасөз қызметінің түсіндіруінше, БЖЗҚ азаматтардың жинақтарын заң жүзінде қорғайтын ұйым. Әр азаматтың зейнетақы қорына аударып отырған зейнетақы жарналары босқа жатпай, тиімді қаржы құралдарына инвестицияланып, қосымша табыс әкелуі керек. Алайда қаржы нарығы – құбылмалы. Кірісіңіз бірде оң нәтиже берсе, келесіде керісінше болуы әбден ықтимал.
Қор өкілдерінің сөзінше, зейнетақы активтері – ұзақ мерзімді инвестиция екенін естен шығармаған жөн. Инвестициялық кірістің мөлшерін төрт-бес айдың есебімен емес, кем дегенде бір жыл ішінде талдаған абзал.
«Бұған қоса, Қазақстан – азаматтардың зейнетақы жинағын нақты айқындалған заңмен, тәртіппен сақталуына кепілдік беретін әлемдегі жалғыз ел. Демек, жинақтарым жоғалып кетеді деп алаңдауға еш негіз жоқ» дейді қор өз түсініктемесінде.
Әскерилер мен мемқызметкерлердің уайымы
Бірақ әсіресе әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлердің уайымы күшті. Мемлекеттік қызметкерлердің біразы өздерінің жалақылары аз екенін, соған сәйкес зейнетақы жинағына да аз мөлшерде жарна аударылып жатқанын, былтырдан бері зейнетақы активтерінің де, инвестициялық табыстарының да азая бастағанын айтады. Тіпті қазір бюджетке телмірген бірқатар мекемелер қызметкерлерінің зейнетақы аударымдарын да кешіктіріп төлей бастаған. Мәселен, белгілі бір мекемеде (кейіпкеріміз мекеменің атын көрсетпеуді сұрады) кеңсе ісін жүргізумен айналысқан, екі айдан бері декреттік демалыста отырған Айтолқын Айдарханқызы БЖЗҚ-ға зейнетақы жарнасы жыл басынан бері кешіктіріліп аударылғаны үшін декреттік төлемін әлі ала алмай жүр.
«Өмірге сәби әкелгеніме екі ай болды. Алайда босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі төленетін декреттік төлемдерді әлі ала алмай отырмын. Себебі мен жұмыс істеген мекеме ақпан, наурыз айының зейнетақы аударымдарын кешіктіріп аударды. Наурыз айында босанғанға дейінгі төлемді рәсімдеп, екі аптадан кейін оны алуым керек еді. Зейнетақы жарнасы уақытында аударылмағандықтан осындай мәселеге тап болдым. Өзім декреттік демалысқа босануыма бір ай қалғанда шықтым. Сөйтіп сәуір айында босандым. Міне, маусым айында ғана декреттік төлемге қатысты құжаттарымды рәсімдеп болдым. Қазір қаражаттың тапшылығын айтып біраз мекемелер зейнетақы жарнасын, МӘМС төлемдерін уақытылы аудармайды. Ал мұндай әрекет декреттік төлемдердің есептелуіне де әсер етеді. Соңғы алты айдың зейнетақы аударымы толық түспейінше, декреттік төлем есептелмейді. Негізінде, біз тәрізді мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы онсыз да аз ғой. Біз зейнет жасына жеткенде зейнетақымыз да аз болады. Зейнетақы өзі екі төлемнен құралады – мемлекеттік бюджет (базалық және ынтымақты зейнетақы) және де қордағы жинақ. 1980 жылдан бері туғандар енді базалық зейнетақымен, яғни мемлекеттік бюджеттен берілетін зейнетақымен қамтылмаймыз. Бұрын жасына қарамай барлық азаматтарға базалық зейнетақы берілетін. Қазіргі жас мамандар өзіміздің жалақымыздан жинаған зейнетақымызбен ғана зейнетке шығамыз. Бұл енді сөзсіз аз болады. Әрине, уайымдаймыз», – дейді кейіпкеріміз.
Қазақстандағы әскери қызметкерлерге де зейнетақы жинағы ай сайын аударылып жатқан жоқ. Оларға зейнетке шыққанда зейнетақы мен өтемақы республикалық бюджеттен төленеді. Еңбек өтілі бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшері жалақыларының 60–75 пайызын құрауы мүмкін. Кезінде 2016 жылдары «зейнетақының рахатын көре алмайтын болдық» деп уайымға салынғандардың бірі осы әскерилер болған. 2016 жылы 35 жылын күштік құрылымға арнаған қызметкерлердің біразы саладағы былықты жайып салған. Нақтыласақ, осы жылы сала қызметкерлері зейнетақы жинағының 50 пайызын бюджетке қайтаруға қатысты құжатқа қол қойған. Басшылық оларға бұл ақша «ЭКСПО-ға жұмсалады» деп түсіндірген. Тіпті сол жылдары зейнетке шығып алып не баспанаға, не өтемақыға қол жеткізе алмай, сергелдеңге түскен экс-офицерлер көп болды. Бір жылдары үйсіз қалған запастағы әскерилер «СВ БОМЖ» қозғалысын да құрған. Олардың жетекшісі, запастағы подполковник Дәулет Жұмабековтің қорғаныс министрлігіне наразылық белгісі ретінде құрылыс алаңында тұрған кранға шығып алғаны да есімізде.
Саясаттанушы және әлемдік экономиканы бақылаушы Әсем Қасымханова «Әскери қызмет және әскерилердің мәртебесі туралы» заңда азаматтардың мүддесіне қайшы шикі жерлер бар дейді.
«Рас, 2016-2017 жылдардан бастап зейнетке шыққан әскерилерге, күштік құрылым қызметкерлеріне ауыр тиді. Неге десеңіз, олардың ішінде қызмет еткеніне күнтізбелік 20 жыл толғандар өтемақысын алды. Ал кейбірінің 20 жылға 1-2 күні жетпей, 1-2 күн үшін жылдар бойы соттасқандар болды. Енді қараңыз, қазір әскерилерге зейнетақы республикалық бюджеттен төленеді делінеді. Олар заң бойынша 47 жасында зейнетке шығуы керек. Бұл арада да мынадай бір кілтипан бар. Қазір әскери қызметте жүргендердің біразы келісімшартпен жұмыс істеп жүргендер. Олардың көбі қарулы күштерде үзіліссіз қызмет етпеген. Араларында біраз жыл басқа салада жұмыс істеп барып әскери қызметке барғандар бар. Ертеректе ондайлардың еңбек өтілін қосып есептейтін. Жаңа заң бойынша қоспайтын болды. Міне, қазіргі әскерилердің уайымы – осы. Сондықтан 2016 жылдан бері қарай жұмыс істеген әскерилердің осы мәселесін тиісті министрліктер ескеру керек. Зейнетақы жинағы көпшілікті алаңдатпау үшін активтерді басқарушыларға талап қоя білу керек. Әсіресе бұл істе Ұлттық банктің ұстанған саясаты сауатты болуы қажет.
Зейнетақы жинағындағы қаражатты Ұлттық банк (99 пайыз немесе 22 трлн 333 млрд теңге), Halyk Finance АҚ (37,95 млрд теңге), Jusan Invest АҚ (11,40 млрд теңге), Halyk Global Markets АҚ (5,30 млрд теңге), BCC Invest АҚ (5,94 млрд теңге), «Сентрас Секьюритиз» АҚ (2,19 млрд теңге) басқарып отыр. Көріп отырғандарыңыздай, зейнетақы жинағы ақшасының басым бөлігі Ұлттық банктің еншісінде. Алайда Ұлттық банктің қор активтерін инвестиция жасауға қатысты қадамдары салымшылардың емес, үкіметтің жеке мүддесіне сай жасалады. Биыл жыл басында екі ай қатарынан қордағы қаражат минусқа кеткен Ұлттық банк пен БЖЗҚ өкілдері ел алдына шығып мәлімдеме жасап, ақталған. Олардың айтуынша, бұл – қалыпты жағдай. Инвестициялық кірістегі минус жалпы жағдайды көрсете алмайды. Ал мен керісінше айтар едім. Егер Ұлттық банк пен БЖЗҚ белсенді жұмыс істеп, іскерлігін көрсеткенде, зейнетақы қорындағы инвестициялық табыс артар еді. Өткенде БЖЗҚ өзіне қарыз 10 компанияның тізімін атады. Сол компаниялардың ішінде ірі кәсіпкер олигарх Рашит Сәрсенов иелік ететін «Нұрбанк» те БЖЗҚ-ға қарыз екен. Қор 2024 жылы аталған банкті сотқа беріпті. Ондағы талап қою сомасы – 240,8 млн теңге және өсімақы – 25,8 млн теңге. Негізінде БЖЗҚ ақшасын қайтармай жүрген «Нұрбанк» дефолт компаниялар қатарынан емес. Керісінше, ол банктің табысы үш жыл қатарынан өскен. 2022 жылғы табысы 5,7 млрд теңгені, 2023 жылы 7,7 млрд теңгені, 2024 жылы 13,2 млрд теңгені құрайды. Ал енді табысқа шығып отырған бұл банктен қаржыны қайтаруды неге қатаң талап етпеске?!
Одан кейін тағы бір дерек, биыл сәуір айында зейнетақы қорының 107 млрд теңгесі квазимемлекеттік сектордағы «Бәйтерек» ұлттық холдингі мен «Отбасы банкі» институтына берілді. Bank RBK АҚ-ның бағалы қағаздарына 20,27 млрд теңге зейнетақы активі жұмсалған. Тағы да сәуір айында 541,29 млрд теңгеге қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары және 171,84 млрд теңгеге АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынды. Ең қызығы, Ұлттық банк зейнетақы қорының қаржысын валюта нарығындағы құбылмалылықты реттеу үшін жұмсайды. Ұлттық банк теңге бағамын басқару үшін зейнетақы қорының қаражатын пайдалануды доғаруы керек. Банк бұл үшін өзінің интервенцияларын пайдалануға тиіс. Негізінде осындай тәсілдер қордағы табысты арттырмай отыр. Осыдан барып мемлекеттік бағалы қағаздар арзандаса, инфляция жоғарыласа, теңге құнсызданып, доллар қымбаттаса, зейнетақы активтері де құнсызданады. Сондықтан БЖЗҚ-ның қаражатын экономиканың дамитын салаларына бағыттаған жөн», – дейді сарапшы.
Зейнетақыға «Самұрық-Қазынаның» не қатысы бар?
Қордың қаражаты инфрақұрылымдық нысандарға, энергетика және «Самұрық-Қазына» қорының ұзақмерзімді жобаларына салынды. Бұл жобаларға қордың қаражаты 15 жылға қарызға берілді. Сонда БЖЗҚ не тапты дейсіз ғой? Соңғы 10 жылдағы орташа жылдық кірісі небәрі 1,2 пайызды құрапты.
Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтің сөзіне сүйенсек, шамамен тоғыз жылдан кейін БЖЗҚ-ның 25 пайыз салымшысы зейнетке шығады. Сол кезде қордың өзі мемлекеттен ақша сұрап, бюджетке салмақ сала бастауы ғажап емес.
«Қазір БЖЗҚ активтері 22,6 трлн теңгені, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ активтері 80 млрд долларды құрайды. БЖЗҚ активтерінің құрылымында «Самұрық-Қазына» қорының бағалы қағаздары бар. Яғни бұл екеуі тығыз байланыста. БЖЗҚ-ның қаражаты «Самұрық-Қазынаға» беріліп отырғандықтан, бұл ұлттық әл-ауқат қоры өзіне берілген жобаларды мүлтіксіз атқаруы керек. Өйтпесе зейнетақы қорының қаражаты құрдымға кетті деген сөз. Өкінішке қарай, қазір Ұлттық қордан да, зейнетақы қорынан да қаражат алған «Самұрық-Қазынаның» құрамына енетін квазимемлекеттік компаниялардың кейбірінің табысы төмендеп, мемлекетке кіріс кіргізбек түгілі, өз қарыздарын жаба алмай отыр. Өйткені Ұлттық банк те, үкімет те, зейнетақы қорының қаражатын сауатты басқару тетігін әлі тапқан жоқ. Енді бір тоғыз жылдан кейін қор зейнеткерлерді зейнетақымен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қаражат сұрай бастауы мүмкін. Тіпті бір 10–12 жылдан кейін БЖЗҚ кезекті бір құрылыммен біріктіру қажеттілігі туындауы да ғажап емес», – дейді Жұмаділда Баяхметов.
Иә, мамандар айтқандай, Ұлттық қор мен БЖЗҚ-ның қаражатына мемлекеттік бағалы қағаздар сатып ала беру үрдісін азайту керек. Керісінше, бұл қорлардың инвестициялық мандатын қайта қарап, Ұлттық қор мен БЖЗҚ-ны осы уақытқа дейін ұшпаққа шығармаған бағалы қағаздар активтерінен арылту керек.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ