Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Ақшасы көбейген Саясат Нұрбектің сараңдығы

Саясат Нұрбек
Фото: gov.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстандағы ғылымды қаржыландыру тарихта болмаған деңгейге жетті деп мақтанып біте алмай жүрген. 

Бірақ жылдың соңында оның орынбасары Дархан Ахмед-Заки ғылыми қызметкерлердің жалақысы шектелетін құжатқа қол қойды.

25 желтоқсан күні бекітілген құжат ғалымдар арасында резонанс тудырып жатыр. Онсыз да шатқаяқтап тұрған қазақ ғылымы мен үзіліп қалған кадрлық сабақтастықты қалпына келтіреміз бе деп жүргенде, мұндай «үнемшілдікке» салынудың қажеті жоқ еді дейді ғылыми қауымдастық. Нұрбек ақшамыз көбейді деп жүргенде ғалымдардың бұлай алаңдауы логикаға сыймайды. Әйтпесе, 2023-2025 жылдарға арналған бюджет оның алдындағы үш жылдықпен салыстырғанда 3,3 есеге артып, 643 млрд теңгеге жетті. Ал 2024-2026 жылдың бюджеті тағы 13 пайызға өсіп, шамамен 730 млрд теңгені құрады. Жалпы ғылымды қаржыландыру ғана емес, ғалымдардың жалақысы да үлкен мәселе ретінде күн тәртібінде тұр. Кезінде экс-министр Асхат Аймағамбетов осы мәселені шешем деген. Арнайы бағдарлама бекітіліп, 4 мыңнан астам ғалым тұрақты және үздіксіз жалақы алатын болды. Оның ішінде базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың жалақысы және 29 ҒЗИ-ды толық қамтитын тікелей қаржыландыру енгізілді. Ғалымдардың орташа жалақысы 2022 жылы 257 мың теңгеге дейін көтерілді. Салыстыру үшін айтсақ, бұл көрсеткіш 2020 жылы 152 мың болған.

Дәл осы статистиканы Саясат Нұрбек те жиі қайталайтын. Орташа жалақының, ең аз, ең жоғары табыстың да деңгейі өсіп жатқанын айтып, сүйіншілейтін. Жалпы қаржыландырудың көлемінен бөлек, гранттық конкурстардың жыл сайын өткізілетіні, олардың жаңа түрлерінің көбейгені де рас. Ғалымдар да әбден үміттерін үзген қазақ ғылымына сенім арта бастағандай болған. Алайда күзде бір ғылыми жетекші бір ғана грант ала алады деген шектеу енгізілді. Енді ғылыми жобалар бойынша жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлердің жалақысының шекті мөлшері мен коэффициенттері туралы бұйрық шығып жатыр. Осының бәрі қаржы көбейсе де, ғалымдарға берілетін еңбекақыны азайтудың қандай қажеті бар деген сауал туындатады.

Өзгерістерге сәйкес, енді мемлекеттік тапсырысты орындаушы ғылыми қызметкерлердің базалық ставкасы 190 мың теңгені құрайды. Оған тиісті коэффициенттер қосылады. Аталған көрсеткіштер өткізілетін зерттеудің іргелі немесе қолданбалы болуына, қаржыландыру типінің гранттық немесе нысаналы болуына, жетекшілік пен орындаушы позициясына, ғылыми қызметкердің біліктілік деңгейіне, атқаратын жұмысының көлемі мен күрделілігіне қарай анықталады. Оған қоса, ставкаға қарай да шектеулер болмақ.

Бұл шешім қызметкерлерді ғылымда ұстап қалуды қиындатады

Бұл туралы ғалым, Жәңгір хан университетінің ғылым басқармасының басшысы Индира Салтанқызы «Жас Алашқа» пікір білдірді:

«Аталған бұйрық қазақстандық ғалымдар үшін үлкен «шок» болып жатыр. Ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын бұлайша өзгерту енді ғана аяғына тұрып келе жатқан ғылымымызды құртып ала ма деген қорқыныш та бар. Себебі кез келген саланың дамуына алдымен ресурс қажет. Ғылымның осы тұрғыда шетқақпай көріп келгенін білеміз. Оң өзгерістер байқала бастаған шақта негізсіз коэффиценттерді бекіту ғылымның әлеуетін түсіріп жіберуі ықтимал. Сондықтан резонанс туындап отыр.

Екі нысаналы қаржыландыру бағдарламасының, бірнеше ғылыми гранттық қаржыландыру жобасының жетекшісі, қатысушысы ретінде айтарым мынау. Біз конкурсқа қатысар кезде оның құжаттамаларын әзірлеп, барлық талаптарға сай ұтып алдық. Заңды түрде бірнеше жобаға атсалысып жүрміз. Бірақ мына бұйрық бойынша, 1,5 ставкадан артық жұмыс жасауға болмайды. Сонда қазір бірнеше жобамен айналысып жүрген ғалымдар қайтпек? Конкурс кезінде мұндай ережелер болған жоқ. Жобаланған смета бойынша жүктеме мен міндеттері, еңбекақылары бекітілді. Тиісті құжаттарға қол қойылды. Ал соны қазіргі жаңа коэффициентпен есептесек, әуелде бекітілген сомадан әлдеқайда аз жалақы шығады. Ең қызығы, бірнеше ғылыми жобаға қатысып жүрген ғылыми қызметкерлер 5-7 есеге дейін аз жалақы алып қалуы да мүмкін. Сондықтан бұл бұйрық 2023, 2024 жылдары алынған жобаларға қатысты болмауы қажет. Әйтпесе, ғалымдар ол жұмыстан бас тартатыны анық. Қазірдің өзінде ондай қорқыныш пен талаптардың шеті шығып жатыр. Мен ғана емес, барша жас ғалымдар осыны ойлап отыр. Бірбеткейлік танытып, ереже осы күйі қалса, кадрды жоғалтып алу, сәйкесінше ғылыми жобалардың соңына дейін жетпей қалу қаупі туындайды.

Бұйрық жаңа ғылыми жобаларға ғана қатысты болған күннің өзінде, қайта қарауды қажет етеді. Базалық айлық та, коэффициент те, ғалымдардың жүктемесі де өзгертілуі тиіс. Осы күйі жалғасатын болса, жетекші ғылыми қызметкерлерді ғылымда ұстап қалу қиындайды. Бәлкім, ғалымдар әртүрлі жоба алып, миллиондап ақша тауып жатыр деген оймен осындай талаптар қабылданған болар. Алайда жағдайды толық талдап барып шешім шығарған дұрыс».

Иә, әдеттегідей сұрақ көп. Алдын ала хабарланбаған, талданбаған өзгерістер төбеден түсіп жатыр. Ғалымдар бұл бұйрықтың кімдерге қатысты екенін де нақты білмей дал. Осыған дейін бекітілген жобалар да жаңа принцип арқылы қаржыландырыла ма? Әлде тек алдағы жобалар ма? Іргелі және қолданбалы зерттеулердің коэффициенттерінің айырмашылығына не себеп? Ғалым Болат Кеңесов осы сауалдарын ғылым және жоғары министрлігіне жолдапты.

«Бұл ережелер реализациядан өтіп жатқан жобалар мен бағдарламаларға да қатысты ма, жоқ па? Осы жағы маңызды. Егер қатысты болса, ондай жағдайда көптеген ғылыми жобалардың сәтті аяқталуы екіталай. Өйткені зерттеу тобының мүшелері алдын ала келісілген жалақыдан әлдеқайда аз алуы мүмкін. Демек, жұмыстан бас тартатындар қатары артады. Әрі неліктен қолданбалы зерттеулер бойынша Квид коэффициенті іргелі зерттеулерге қарағанда 38 пайызға артық? Бұл тіпті жетекші мен орындаушының арасындағы коэффициенттен де жоғары. Яғни іргелі зерттеу бойынша жоба жетекшісінің айлығы қолданбалы зерттеу жобасы бойынша орындаушы ғылыми қызметкерден де аз болмақ», – дейді Болат Кеңесов.

Осы және өзге де сауалдарымызды ғылым және жоғары білім министрлігіне жолдадық. Жауабын күтейік.

Болыс Сәбитбек
Фото: Болыс Сәбитбек

Болыс Сәбитбек, ғалым: Ғалымның жалақысы – ғылымның сапасы

– Бұл бұйрық жалақы беруді бақылау жағын күшейту мақсатында қабылданған секілді. Бірақ ғылымға бөлінетін қаржыны ЖІӨ-нің 1 пайызына жеткіземіз деп, қаржыландыру деңгейін жыл сайын арттырып жатқанда неге ғылыми қызметкерлердің жалақысын азайтуға қажеттілік туындап отыр? Сол жағы қызық. Аталған ережелерді қабылдау арқылы он жыл артқа шегініп кетеміз. Жалақы деңгейі 2014 жылғымен шамалас болып қалады. Мәселен, ғылым докторы болсаң және еңбек өтілі 25 жылдан асса, бір ставкамен 550-580 мың теңгенің ар жақ, бер жағында бағаланасың. Былай қарағанда, бұл мың доллар ғана. Өмір бойы жұмыс істегенде осындай жалақы. Ал жастардыкі тіптен аз. Мұндай жағдайда біз салаға келетін, ғылым жолын таңдайтын адамдарды қолдап азайтып алуымыз ғажап емес. Себебі ғалым ретінде 200 мың теңгеге жұмыс істегенше, ешқандай еңбек өтілінсіз-ақ мектепте сабақ беріп, жақсырақ табыс табуға болады. Әрине, ештеңеге қарамастан ғылымды тастамайтын фанаттар да жеткілікті. Алайда мына бұйрық осы қалпында қала берсе, олар да қосымша жұмыс істеп, күнелтуге мәжбүр болады. Бұл ғылымның сапасын түсіреді. Демек, болашақта бізді таситын таксист немесе тамақ жеткізуші курьер ғылым адамы, үлкен дәрежесі бар маман болса таңғалмаңыз.

Күзде әр жетекшіге бір ғана жобадан деп бір бұйрық шығарды. Енді мынау. Еңсесі көтеріліп келе жатқан ғалымдарды осылай шыр айналдырып қояды. Ғалымдар қазір алдағы 3-5 жылы түгілі, бір жылға да сене алмайды. Ал бұлыңғырлық жұмысқа кері әсер етеді. Ұмытпауымыз керек, ғалымның кез келгені басқа салаға кетіп қала алады. Нарық оларға жақсырақ пакеттер ұсынып та жатыр. Бірақ ғалымдар бізді емес, біз ғалымдарды керек еткен соң, олар осы салада жүр.

Балауса Ділдәбек