Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:40, 05 Наурыз 2025

Ақшасы көп Сапаровтың өгізі ауылға жеткенше

Сапаров
Фото: ЖИ

Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау мәселесі үкіметте де, мәжілісте де қызу талқыға түсіп жүр.

Өткенде депутаттар шошқаға берілетін субсидияның көлемін есептеп бір даурыққан. Елімізде талпақ танау өсіруге берілетін субсидия жылқыға берілетін субсидиядан 40 есе көп екен... Бұдан соң мәжілісте егістікті тыңайтуға және егілетін тұқымға берілетін субсидиялар мәселесі де көтерілді. Бұл ретте «субсидияны тыңайтқыштардың, тұқымдардың сапасына қарай бөлу керек» дегендер де болды. Фермерлерге электронды үкімет арқылы жұмыс істеуді үйретіп, субсидия беруді жаппай цифрландырайық деген ұсыныстар да болды. 

Субсидия беруге қатысты қилы-қилы ұсыныстардан басы қатты ма, әлде өзім де бір «үн қатайын» деді ме, ауыл шаруашылығы министрі Айдархан Сапаров та биыл субсидия беру тәртібі өзгеретінін айтты. Сапаров «енді субсидияны малдың басына емес, оның етінің келісіне төлейміз» деп айды аспанға бірақ шығарды. Соңында «бюджеттің қаржысын шашау шығаруға болмайды» деген ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2025 жылдан бастап еліміздің фермерлеріне субсидия оңайшылықпен берілмейтінін, оның орнына фермерлер 5 пайыздық несиемен қамтылатынын айтты.

Сөйтіп, бұдан былай субсидия алуға нақты лайықты, өз мойнына алған міндеттерін бірнеше жыл бойы қалтқысыз орындаған фермерлер ғана үміткер болатыны шешілді. Яғни субсидия алу үшін ол фермердің малының басы айтарлықтай өскен, егістігі мол, жайылымдық жері бар, мол өнім жинай алған болуы керек. Мұндай статусы болмаса, ауыл шаруашылығы өндірушілерін бұрынғыдай үкімет жаппай қолдай бермейді. Фермерлерге берілетін 5 пайыздық несиені алу үшін де қатаң талаптар қойылады. Қайтарымсыз берілетін субсидиялар легі де қысқарады.

Ауыл шаруашылығы саласын зерттеп жүрген сарапшылар фермерлерге беріліп келген демеуқаржыдан бас тарту, субсидияны қысқарту елде агроөнімдердің бағасының күрт қымбаттауына әкеледі дейді. Тегін қолдаудан қағылып, субсидияға қол жеткізе алмаған фермерлер осыдан кейін өзінің шығарған өнімін нарыққа қымбат бағаға сата бастайды. 5 пайыздық несиенің өзінде де шикілік бар.

Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов былай дейді:

«Үкімет ауыл кәсіпкерлерімен емес, банкирлермен ақылдасып жұмыс істейді. Енді үкімет банктердің 22 пайыздық несиесі өтуі үшін оны бюджеттен субсидиялап жеңілдетеді. Үкімет енді кепілдіктері мен өтемақыларын банктерге береді. Сөйтіп субсидияға бөлініп келген қаржылар банктерге бет алады. Қазір үкіметтің ауыл шаруашылығын қолдау үшін қолға алған «Кең дала» бағдарламасы да осылай жұмыс істеуге көшті. Айналып келгенде, бұдан фермерлер тұзаққа түседі. Олар бизнесті дамытудың орнына несие төлеуге көшеді. Негізінде, субсидия фермердің алаңсыз жұмыс істеуін ынталандыру үшін керек. Мысалы, АҚШ өзінің фермерлеріне қолдау көрсету үшін жыл сайын 36 млрд доллар бөледі. Ал бізде 2023 жылғы субсидияға әлі қол жеткізе алмай жүрген фермерлер бар».

Евгений Карабановтың айтуынша, субсидия құралдарына деген қажеттілік еріккеннен ойлап табылмаған. Ол – кез келген мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласын қолдаудың темірқазығы. Алайда үкіметтің субсидия беруге қатысты ойлап тапқан қатаң ережелері агросекторды қолдаудың орнына, тұңғиыққа батыра түсетіндей. Мәселен, үкіметтің егістіктерге себілетін тыңайтқыштарға, пестицидтерге берілетін субсидиясы азын-аулақ қана. Ал Қазақстанда бұл өнімдердің өндірісі әлі жетілмеген. Нарықта аталмыш өнімдердің жетіспеушілігін білетін импорттық тауар жеткізушілер оның бағасын қалағанынша көтере береді. Шындап келгенде, тыңайтқыштарды сатып алу кезінде үкіметтің берген субсидиясы да жетпей қалатын көрінеді.

«Ертіс-Агро» ЖШС-ның басшысы Бауыржан Еңсебаевтың сөзінше, бұған дейін де субсидия алу жеңіл болмаған. Фермерлер субсидия алу үшін егістікке күтім жасап, сапалы өнім алуды ойлаудың орнына сағаттап компьютердің алдына отыруға мәжбүр болған.

«Субсидия алу үшін біз жыл қорытындысында өзіміз өндірген өнімнің бүкіл көлемі туралы нақты деректі Субсидиялаудың мемлекеттік ақпарат жүйесіне (СМАЖ) өзіміз енгіземіз. Ресейде мұндай жұмыспен арнайы қаржы агенттіктері айналысады. Ал біз компьютердің алдында апталап отырып, осы жұмыспен шұғылданамыз. Өзіне енгізілген ақпараттарға сүйене отырып СМАЖ жүйесі автоматты түрде біздің астығымыз қанша теңге тұратынын, еңбек өнімділігін, астықтың шығымдылығын есептеп шығарады. Бізге қойылатын міндет кем дегенде екі жыл бойы көрсеткіш түсіп кетпеуі керек. Көрсеткіш түсіп кетсе, автоматты түрде субсидиядан қағыламыз. Көрсеткіш түсіп, субсидиядан қағылсақ, субсидияға бір жыл бойы өтінім бере алмаймыз. Бір жылдан соң қайта оралып жаңағы СМАЖ жүйесі көрсеткішімізді екінші қайтара түсіріп тастаса, онда екі жыл субсидия алуға өтініш бере алмаймыз. Міне, біздегі субсидия алу жүйесінің түрі.

Субсидияны уақытылы ала алмағандықтан өнім алудың тұрақтылығын да сақтау мүмкін емес. Осы салада жүрген фермер ретінде айтарым, біздің үкімет пен әкімдіктер арнайы субсидиялық монополистердің пайда болуына, солардың жұмысының жүруіне көмектесетін сияқты. Өйткені бұл салада ақшасы бар, пара ұсына алатын, өзінде жоқ дүниені де бар деп көрсетіп жіберетіндердің дәурені жүріп тұр. Субсидия бірінші соларға беріледі. Тамыр-танысы барлар алады. Осы уақытқа дейін субсидияны алып алып басқа мақсатқа жұмсағандар болды. Субсидияның қаражатына өздеріне көлік, үй алып тастағандар болды. Міне, сондай монополистердің кесірінен біз қағылып отырмыз. Өз басыма 5 пайыздық несие алу да тиімсіз. Себебі егіншілікте үнемі мол өнім ала беру мүмкін емес. Құрғақшылық, су тасқыны, климаттық жағдайдың барлығы өнім алуға кері әсер етеді. Шығым аз болса, нарыққа аз өнім ғана сата алсақ несиені қалай жабамыз?! Бұған дейін де техниканы, егістікке қажетті тыңайтқыштарды несиеге алғанбыз. Өтелмеген қарызымыз әлі бар. Сондықтан бізге расымен де өнім бағасын қымбаттатуға тура келеді».

«Жас Алашқа» «Аналитик» талдау және сараптау орталығының мамандары берген есептерге жүгінсек, былтыр агроөнімдердің бағасы әжептәуір қымбаттаған. 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы – 5,5 пайызға, нан өнімдері мен жармалар құны – 3,5 пайызға, ет және ет өнімдері – 3,4 пайызға, сүт өнімдерінің бағасы – 6,1 пайызға, май және тоң май бағасы – 5 пайызға қымбаттаған. Аталмыш орталықтың мамандары биыл да бұл үрдіс сақталатынын, 2025 жылы агроөнімдердің бағасы шамамен 7,5 пайызға қымбаттайтынын болжап отыр.

Жалпы, біз осы уақытқа дейін агросаясатымызды нықтап, агроөнімдермен елді толық қамтып, бұл саладағы азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, оның бағасын аспандатпаймыз деп біраз жоба жасадық. Қатарынан үш жыл «Ауыл жылын» жариялаған кезеңдер де болды. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары деп аз шабылған жоқпыз. Осыған дейін ауыл шаруашылығын басқарған министрлер «субсидия, дотация бөлу жағын халықаралық талапқа сай еттік» деп есеп беретін. Не керек, үкімет бұл саланы бәсекеге қабілетті етудің барлық шараларын қарастырып-ақ жатыр. Алайда біздің елдегі агросаясатты ел ұқпайтын деңгейге жетті. Экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов көптен бері агросекторға құрылымдық өзгерістер керектігін айтып жүр.

«Кеңес дәуірінен келе жат­қан ортақ қазанға бидай, ет жіберу саясаты кейінгі отыз жылда экспорттық саясат болып өзгерді. Бұдан халықтың дастарқаны толған жоқ. Тек бидай өндіруден алдамыз, ұн экспортынан біріншіміз деген көрсеткіштердің жетегінде жүрміз. Сансыз бағдарламалар мен ұзақмерзімді тұжырым­да­ма­ларды қабылдай берген дұрыс емес. Қазір бізге бір-екі жылда жасалатын шаруа маңызды. Менің ұсыныстарымның негізі – аграрлық экономиканы реттеу мен басқару, яғни мемлекеттік менеджментті, өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруға ден қою керек. Субсидияның мүмкіндігін әртарап­тандыру керек. Ең тиімді форма – форвардтық келісім­шарт түрінде қаржыландыруды шешу, ал субсидия мемлекет қажеттілігі аясы­на кіретін азық-түлікті өндіруге, тұ­қым шаруашылығы мен мал басын асыл­дандыруға, фитосанитарлық, меди­циналық ветеринария саласына берілуі тиіс. Ауыл еңбеккерлері өндірген тауарларды сату проблемасын шешуден бастасақ, ұтылмаймыз. Қолданысқа өнім паспортын енгізу керек, онда ша­руа қожалықтары, серіктестіктер, же­ке шаруалар өндіретін өнім туралы ақпа­рат жинақталуы тиіс және дайын тауарлар интернет-сауда принципіне сай тұтынушыларға сатылса да ұтымды болатын еді», – дейді профессор.

Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға соңғы үш жылда 2 трлн теңгеден астам қаражат кетіпті. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бес жылдық «Ұлттық жобасына» деп 4,9 триллион теңге ақша бөлінуіне қол жеткізіпті. Салаға өте көп қаражат бөлінгенін, оның біраз бөлігі талан-тараж болып жатқанын бұған дейін Есеп комитеті де ескерткен. Мәселен, кезінде «ауылды дамытуға серпін береді» деп құрылып, 2020 жылы таратылған «ҚазАгро» холдингін тексерген аудиторлар бұл холдингтің мемлекетті шамамен 250 миллиард теңге шығынға отырғызғанын әшкерелеген. Холдинг 2017-2018 жылдары 1,6 триллион теңгені кредит пен лизинг түрінде үлестіріп жіберген. Оны алғандар кейін банкрот болып, қайтармаған. Антикор да осыдан үш жыл бұрын 30-дан астам тұлғаның ұсталғанын, барлық ұсталғандардың ауыл шаруашылығы субсидияларын ұрлауға қатысқанын мәлімдеген. Былай қарағанда, ауылға қаражат бөлінбеді емес, бөлінді. Субсидияны да, арзан несиені де ауылға бағыттадық. 30 жылдың ішінде аталмыш саланы 20 министр басқарыпты. Әрқайсысы өзіндік реформа ұсынып, ең көп реформаланған саланың бірі осы сала. Алайда ауыл шаруашылығы өгіз мініп алғандай, ауылға жетіп болмады.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: