Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 17 Қаңтар 2024

Ақшасы көп Саясат Нұрбек елдің бәрін ұры санайды

Саясат Нұрбек
Фото: из открытых источников

Үкімет 2022-2026 жылдарға арналған ғылымды дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекіткенде, енді шала-жансар ғылыми жобаларға жан бітіп, демігіп тұрған ғылым саласының «тынысы ашылар» деп үміттенгенбіз.

Осы салаға жауапты ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те солай ойлаған. Нұрбек осы күні 2022 жылы ғылыми зерттеулерге 59 млрд теңге берілсе, былтыр ғылымды қаржыландыру бірнеше есеге бірден өсіп, 168 миллиард теңгеге өскен. Ал биыл бұл сома – 240 млрд теңгеге жеткелі жатқанын сүйіншілеп, екпіні тау жығардай болып жүр.

Ғылым министрі уыс-уыс ақша бөлінсе, ғылымдағы мәселелер өзінен-өзі шешіле салады деп ойлайтын болуы керек. Ақша бөлу бар да, оның есебін беру бар. Қазақ ғылымында түйіні шешілмеген мәселе жетеді. Бұған қатысты «Жас Алашқа» шағымданған ғалымдардың көтеріп отырған мәселесі бізді бей-жай қалдырмады.

Саясат Нұрбек ең алғаш министр болып тағайындалғанда «ғылыми-инновацияны дамытамын, технологиялық базаны жетілдіремін, ғылымға жастарды тартамын, бөлінетін қаражатты молайтамын» деп, тәтті күлше таратардай дәмелендірген. Бұған қатысты «Жас ғалым» жобасы да қабылданып, ғылыми зерттеулерге гранттар бөліне бастады. Міне, ғалымдар түсініп болмайтын қойыртпақ нақ осы грант бөлу мәселесіне қатысты болып отыр.

Бүгінде грант алу үшін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы АҚ-на өтініш берген жас ғалымдар бұл платформадағы талаптарын түсіну қиын дейді. Олардың «Жас Алашқа» берген мәліметтеріне сүйенсек, гранттарды алудың талаптарын орындау қыл көпірден өтумен бірдей. Платформа болғанды да, болмағанды да плагиат қылып шығарып жатқан көрінеді. «Әйтеуір ғылыми техникалық сараптама орталығының платформасының танып білгені плагиат» дейтін ғалымдар платформа жүйесін өзгерту керек деп есептейді. Астрофизик-ғалым Бекдәулет Шүкірғалиев:

«Плагиат болмауы үшін ҰМҒТСО-ның платформасы мүлдем көрмеген мәтінді ұсыну керек. Былтырғы жоба қаржыландыруға өтпей қалып, енді ол жобаны араға жыл салып қайта ұсынсаң, оны орталық платформасы плагиат деп қабылдамайды. Биыл ол жобаны грант байқауына ұсыну үшін қайта жазып шығу керек болады. Бұл мүмкін емес. Ғылыми жобаларды қайта жазуға бірнеше жыл кетеді. Сондықтан платформаның баптауларын өзгертіп, ұсынылған барлық жобаларды тексере беретіндей етіп емес, тек ұтқан немесе сараптамадан өткен жобалар бойынша ғана тексеретіндей ету қажет», – дейді.

Осы арада біз жағдайдың неге бұлай қалыптасатынын, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама (МҒТС) орталығының өзінен білгіміз келіп сауал жолдадық. Орталықтың баспасөз қызметі салған жерден платформаны жарнамалай жөнелді. Құрылған сәттен бері орталықта 10 мыңнан аса мемлекеттік ғылыми техникалық сараптама объектісі, оның ішінде 6,5 мыңнан астам гранттық қаржыландыруға берілген сұранымдар өңделген. Орталықтың миссиясы – анағұрлым келешегі бар ғылыми жобалар мен бағдарламаларды анықтауға ықпал ету... Ал жалпы, платформада техникалық қателіктер болуы мүмкін бе?! Ғалымдар бір жылы ұсынған жобасы грант ала алмай қалған жағдайда келесі жылы ұсынса неліктен оны қайта жазып шығу керек деген сұрақтарға тұшымды жауап ала алмаған соң, біз АҚШ-тағы Стэнфорд университетінде білімін жетілдіріп жатқан ChatGPT мастер, ІТ ағартушы Елдос Еркебайға хабарластық. Ол Қазақстанның платформа жасау жүйесі әлі жетілмеген, көп елдерден артта қалған деп есептейді.

«Біздің елде әлеуметтік қызметтерге арналған платформалар үнемі істен шығады. Мысалы, пандемия кезінде Egov.kz порталы жиі істен шықты. Жұрт сол жылы пандемияға қатысты уақытша жұмыссыз қалғандарға төленетін 42 000 теңгеге өтінім қалдыратын платформаға кіре алмай әлек болды. Ал былтыр автонесиеге арналған платформалар бір минутқа жетпей тоқтап қалды. Сол тәрізді үй кезегіне қоятын платформалар да солай істен шығып қалады. Ал ғалымдардың жобаларына қатысты айтатын болсам, меніңше, байқаудан өтпей қалса да былтырғы ұсынылған жоба ол платформаның жадында сақталып қалады. Сондықтан ғалымдар жобаны биыл ұсынса, ол өзінен-өзі плагиат болып шыға келеді. Бұл арада министрлік өтпей қалған жобаларды платформаның жадынан бірден жойып тастайтындай жүйе ойластырғаны абзал. Олай етпесе, жас ғалымдардың қаржыдан қағылғаны қағылған», – дейді Е.Еркебай.

Ал бұл мәселеге қатысты жас ғалым Біржан Рахымжанов тағы бір мәселенің шетін шығарды:

«Ғылыми жоба деген жалғыз бір ғана ғалымның жұмысы емес, ол белгілі бір ғылыми топтың жұмысы. Міне, осы ғылыми топтың жұмысын, жетекші ғалымдар алдымен жаппай гранттардың конкурсына қатыстырады. Одан өтпей қалған жағдайда жас ғалымдарға гранттар жарияланады ғой. Міне, сол кезде ғылыми топтың мүшелері ақылдасып, топтың ішіндегі бір жас ғалымды ғылыми жетекші етіп, ол жобаны қайтадан ұсынады. Осы кезде платформаның базасы бұл еңбекті плагиат деп көрсетеді. Негізінде, бұл дұрыс емес. Ол жүзеге асырылмаған идея ғой. Оның артында қаншама еңбек жатыр. Ғылыми жобаның бір жерден грант ала алмаса, екінші, үшінші, тіпті жүзінші мәрте конкурстарға қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Министрлік осы мәселені дереу арада шешуі керек».

Ғалым біздің елде өте жақсы идеялар бар, бірақ ол идеялар дұрыс қаралмайды. Яғни идеяның тағдырын шешетін сарапшылар дұрыс жұмыс істемейді. Сарапшылардың салғырттығынан ғалымдар қаржыдан қағылады. Мысалы, ҰМҒТСО грант беруде қазақстандық сарапшылардың пікірінен гөрі шетелдік сарапшылардың пікіріне көбірек құлақ асатын кездері де болған.

«Бұл арада шетелдік эксперт «бұл жаңалық дым өзекті емес» деп айтуы да мүмкін. Алайда ол жоба шетелде өзекті болмағанымен, Қазақстанда өзекті ғой. Еуропа мен Қазақстанның ғылымын, экономикасын, әлеуетін салыстыруға келмейді. Сараптама барысында болмашы нәрселерге байланысты да жоба өтпей қалады. Мысалы, менің өзіме «жобаны жазғанда ондағы бір ақпаратты қандай шетелдік журналдан алғанына нақты сілтеме жасамаған» деген сын айтылды. Осындай сылтаудан ғана жоба байқаудан өтпей қалды. Мұны өз басым, ҰМҒТСО-да отырған техникалық менеджерлердің кемшілігі деп білемін», – дейді Б.Рахымжанов.

Бұл – ғылымға, ғылыми жаңалықтарға қаражат бөлуге қатысты тек бір ғана мәселе. Ал шын мәнінде салада қордаланған дүниелер өте көп. Мысалы, ғылым және жоғары білім министрлігі соңғы екі жылда ғалымдардың жалақысы екі есеге өсті деген мәлімет береді. Бұл шамамен 250-300 мың теңге. Ең қызығы, осы ғалымдардың ғылыми жаңалықтарына грант беру үшін конкурсты өткізу барысында небір ақылға сыймайтын талаптар кездеседі. Соны бірі – ғалымдар өз ғылыми жаңалығын конкурстан өткізгісі келсе шетелде шығатын SCOPUS, Q1, Q2 журналдарына мақала жариялау керек. Бұл журналдарға мақала шығару да өте қиын. Он мақаланың бір-екеуі әрең өтеді екен, мақала шықпаса, жобаға да қатыса алмайсыз, ғылыми жетекші де бола алмайсыз. Ал журналдарға мақала шығару құны – 3 мың АҚШ доллары тұрады. Шынтуайтында, мұндай қаражат айына 250-300 мың теңге ғана жалақы алатын қазақстандық ғалымдар үшін үлкен қолбайлау екені түсінікті.

Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов ғылыми жұмысты конкурс негізінде бағалау дұрыс емес деп есептейді.

«Ғылыми жобаларды бір ғана конкурстық деңгейде бағалап, сол арқылы ғалымдарға қаражат беру дұрыс емес. Мысалы, Қазақстанның мұнай химиясы мүлде жетілмей қалды. Мұнайлы ел бола тұра мұнай химиясын зерттей алмау, оны жетілдіре алмау үлкен сын. Бізде ҚазМУ-дің жанында химиялық технология мен материалдар ғылыми-зерттеу институты болды. Сол институттың химия ғылымын зерттеп жүрген ғалымдары көмір мен ағашты синтездеп мұнай алу әдісін ойлап шығарды. Сол кездегі жобаны Қытай қолқа салып сұрады. Отанға қызмет етуді мақсат тұтқан ғылыми топ ол жобаны Қытайға сатпады. Ал Қазақстанда мұндай жобаларды қолданысқа енгізетін өндіріс жоқ. Сол беті ол жаңалық жарқырап шыға алмады. Қазір жоба жетекшісі ғалым Қайыр Жұбанов та бақилық болды. Сол тәрізді осы институттың ғалымдары отандық фармацевтикаға үлес қосқысы келіп бірнеше дәрі-дәрмекті де шығарды. Бірақ оған да үкімет тарапынан қолдау болмады. Егер қолдау болғанда, қарапайым ғана валидолға дейін Ресейден тасып отырмайтын едік. Бізде конкурстан өтіп, мемлекеттен ақша алу лотерея ұтып алғанмен бірдей. Ғылыми құндылық бұлай бағаланбауы керек. Қазір қаражат болмағандықтан, мемлекеттен қаржы алмай тарыққан ғалымдардың біразы идеяларын сатып, жеке бизнеске кетті. Ал біз жағдай жақсарды, ақша көбейді, жалақы жоғарылады деп мақтана бермей, осындай мәселелердің бар екенін мойындауымыз керек», – дейді Ж.Баяхметов.

Әрине, ғылымға бөлінетін ақшаның көбейгені жақсы (орнын тапса). Дегенмен бірнеше есе өскен бюджеттің өзі соншалық тоқмейілситіндей жағдайда емес. Шын мәнінде басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаражат көп те емес. Салыстырмалы түрде айтсақ, көрші Ресей ғылымға жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 1 пайызын құйып отыр. Ал батыс елдерінде ғылымға ЖІӨ-нің 5 пайызын бөледі. Қазақстанда ғылымға бөлінген қаражат 2019 жылы ЖІӨ-нің 0,12 пайызына тең болса, қазір 0,13 пайыз. Салыстырмалы түрде айтсақ, ТМД елдері бойынша Тәжікстан ғана ғылымына бізден төмен қаражат бөледі екен. Ғылым және жоғары білім министрлігі бізде тек 2025 жылға қарай ғана ғылымға ЖІӨ-нің 1 пайызы бөлінетінін мәлім еткен. Ал оған дейін ғылымға тиесілі қаражат алдымен он министрлікке бөлініп, олар сол арқылы өз саласындағы ғылыми зерттеулерді қаржыландырып, 1 160 грант жобасы, оның ішінде жас ғалымдардың 315 жобасы және 59 нақты бағдарлама қаржыландырылады деген жоспар бар. Мұндайда министрліктерге бөлінген қаншама қаражаттың желге ұшқаны, шашасына шаң жұқпайды, елді дамытады деген қаншама бағдарламалардың жүзеге аспай қалғаны да еріксіз ойға оралады. Ал ақшасы көбейген Саясат Нұрбек ғалым атаулыны ұры санап, бюджетін сандықта шірітіп алатын сараң байға ұқсап бара жатқан сияқты...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ